21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Сол себепті газетіміздің тілшісі аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ермек Жұматаевтан бір-екі сұраққа жауап береуін өтінген еді. Осы әңгімені оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Ермек Орынбасарұлы, мәдениет пен өнердің де адам өмірінде алар орны айрықша ғой. Осыған орай алдымен ауданның мәдениет саласының қазіргі жалпы жағдайы туралы айтып берсеңіз.
– Жарайды. Құт қонып, береке дарыған қасиетті Қарасай жерінің мәдениеті мәйекті, өнері өрісті деп анық айта аламыз. Бізде мәдениет шеберлері мен әртүрлі өнер биігінен көрініп жүргендер көптеп саналады.
2015 жылы аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, оның ішкі, сыртқы бейнесі, басқа да жай-күйі жақсарды, жаңарды. Ал, 2016 жылғы басты жаңалығымыз «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ән-би ансамблінің құрылуы еді. Бұл үлкен өнер ұжымының дүниеге келуінде аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің еңбегі аз емес екенін де атап өткім келеді. Ансамбльге демеушілердің көмегімен музыкалық аспаптар алынып, аппаратуралармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, LED-экранға қол жеткізілді. Ансамбльдің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында арнайы кастинг жарияланып, мүшелері жас мамандармен толықты, оған 35 штат бірлігі беріліп, қажетті қаражат жеткілікті бөлінді. Жалпы, мәдениет пен өнер де ең еңсесін биіктетеді дер едім мен.
– Өткен жылы және биыл қандай жетістіктер болды?
– Айтайын. 2016 жылы ауданымыз облыс бойынша 16 аудан 2 қаланың арасында өткен Мәдени күндерде бас жүлдені иеленіп, абыройға бөленді. Атап айтқанда, сонда бізге автокөлік берілді. Сол сияқты «Үшқоңыр» ән-би ансамблі облыстық «Ғасырлар үні» байқауынан бас жүлдені алып қайтты. Ал, Қазақстанның халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева атындағы «Жауқазындай жайдарлы үн» атты облыстық әншілер байқауында ансамбль әншісі Баймұхамет Мұқатай І дәрежелі дипломмен марапатталса, ансамбль әншілері Ерғали Ақайдаров, Айсәуле Қайырғазина, Нариман Абдрахманов Алматы қаласында өткен «Күміс көмей, жез таңдай» байқауында ІІІ орыннан көрінді. Ансамбльдің аспапта ойнаушысы Наурыз Жайлыбаев болса, халықаралық «Coupe mondiale 2016 Россия, Ростов – на Дону» байқауынан лауреат атағымен оралды.
Сонымен қатар, қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндерден өткен «Жырлайды жүрек» Х облыстық байқауында «Үшқоңыр» ән-би ансамблінің әншілері – Гауһар Ермек арнайы дипломмен марапатталып, Абдрахманов Нариман І орын алды. Тағы айтарым, белгілі әнші Қалбибі Абдуллаеваның вокал класынан Айым Марат халықаралық «Бозторғай», республикалық «Самға жұлдыз», республикалық «Жұлдыз Лайф» байқауларында бас жүлде иегері, ал, Нұрлыбек Сапарбай халықаралық «Ақ көгершін», халықаралық «Бозторғай», «Самға жұлдыз» байқауларында І орын иегері атанды. «Қазақстан» вокалды тобы халықаралық «Шаттық» фестивалінің лауреаты болды. Биыл, яғни, 2017 жылы республикалық «Ақ көгершін» байқауында Әбілхайыр Жұмабай бас жүлдені, Аяжан Назарбаева І орынды, «Кербез» би тобы ІІІ орынды иеленгенін де айтқанымыз жөн.
Ауданымыздың мәдениетті мен өнерін өрлетіп, дамыту бағытында әлі де бірқатар жоспар-жобамыз бар, олардың сәтті жүзеге асатыны да сөзсіз.
Сөз соңында үнемі өнері мен өрге өрлеп, қалың көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленіп жүргендерді айтып өтсеңіз.
– Бұл ретте Ғанипа Садықованың, Қалбибі Абдуллаеваның, Сымбат Мұнатайдың , Жадыра Есжанованың есімдерін айтар едім.Олардан басқа да үздік өнер иелері бар, әрине.
Әңгімеңізге көп рахмет, мерекелеріңіз құтты болсын, алда да істеріңіз жемісті жалғаса бергей!
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.