Жасыл алаңда жасындай жарқылдап, ала допты ұршықша иіретін жастар біздің ауданда да бар. Сондай теңбіл доппен тәрбиеленіп келе жатқан жасөпірімдер арасындағы мықтылардың бірі «Үшқоңыр» спорт мектебінде шынығады.
2006 жылғы футболшылардан жасақталған «Үшқоңыр – 2006» командасы аудан бойынша өз қарсыластарына есе жіберген емес. Олар – түрлі жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, ауданның атын шығарып жүрген спортшылар.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында аталмыш жасөспірім құрама командасымен Алматы облысының мәслихат депутаттары Жалғасхан Донбаев пен Жанна Жазықпаева арнайы кездесті. Халық қалаулылары балаларды мерейлі мерекелерімен құттықтап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Жақсылықтың жанынан табылып жүретін қос депутат жас футболшыларды қолдау мақсатында оларды арнайы спорттық киіммен жабдықтауға қолдау білдіргенін айта кеткен жөн. Чемпион болуды армандайтын балалар да жомарт жандарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Демеушілік еткен депутаттардың қолдауы расымен де сәттілікке айналғандай. Өйткені, осы кездесуден кейін «Үшқоңыр» спорт мектебінің жасөспірімдер құрамасы 1-6 маусым күндері Талдықорғанда өткен облыстық чемпионатта жеңіске жетті. Айта кету керек, бұл жарысқа дейін олар аудан ішіндегі іріктеуден өтіп, қарсыластарынан басым түскен.
Облыс орталығында бес күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша «Үшқоңыр – 2006» командасы Жетісу жерінің чемпионы атанды. Ал, құрама сапындағы Димаш Жұмаділдә – жарыстың «Үздік қорғаушысы» атанса, Шыңғыс Жұбандықов – «Үздік ойыншы» деген атаққа ие болды. Тағы бір мақтана кетерлігі, командада ойнайтын жоғарыда атап өткен Димаш Жұмаділдә мен Бағлан Жұмаханов Талдықорған қаласының «Жетісу» кәсіпқой футбол клубына қабылданды. Мұндай бақ екінің біріне бұйыра бермейтіні анық.
«Үшқоңыр – 2006» командасы алдағы уақытта Ақтөбе қаласында өтетін республикалық чемпионатта ойнайтын болады. Енді олар Қарасай жерінің атын бүкіл елге танытумен қатар, «Үшқоңыр» спорт мектебінің де беделін арттырады деген үміт бар.
Чемпиондық атақ – еткен еңбектің, төккен тердің нәтижесі. Осы ретте, шәкірттерін шыңдауды мақсат етіп, біліктілігін білімімен ұштастыра білген «Үшқоңыр – 2006» құрамасының жаттықтырушысы Шаттық Рахметқожаевтың тәлімгерлік қасиетін айтпасқа болмас. Сонымен қатар, осы балалардың жеңімпаз атануына жол ашып, жастар жанашыры болып, қашанда қолдауын аямайтын, спорт кешенінде балалардың алаңсыз жаттығуына жағдай жасап отырған орталықтың басшысы Дәурен Төлегеннің де есімін ерекше атап өтпеске болмас.
Ала допты серік еткен болашақ чемпиондарға тек сәттілік тілейміз! Ел үмітін ақтайтын, байрақты бәсекеде бақтары жанатын мықты спортшылардың қатарынан көрінеді деген сенімдеміз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.