Қазіргі таңда жіті респираторлы вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және тұмау кең таралған аурулар тобы болып саналады. Бұл аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы – ол вакцинация. Тұмау және ЖРВИ ауруларының алдын алу мақсатында еліміздің барлық аймақтарында оған қарсы екпе салдыру науқаны жүргізіліп жатыр.
Жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың қыркүйек айында маусымдылық кезеңі басталуына орай, жуырда Қарасай аудандық орталық аурухана аумағында «Тұмауға қарсы егілейік!» атты акция өткізілді. Бұл шара Қарасай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен аудандағы медициналық мекеме басшылары және қызметкерлерінін атсалысуымен ұйымдастырылды. Акцияның мақсаты күз мезгілі басталысымен тұмау және басқа да жедел респираторлы вирусты инфекциялардың белең алуына байланысты вирусқа қарсы екпе жасатудың маңыздылығын жеткізу.
Оның барысында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық жадынамалар таратылды, сондай-ақ, вакцинация кабинетінде тұмауға қарсы екпе жасалды.
Жалпы, егу жұмыстары ауданның барлық емханаларында халықтың осал топтағы тұрғындарына тегін жасалады. Олар созылмалы өкпе, жүрек-қантамыры ауруларымен ауыратын, иммунитеті төмен әлсіз және жиі ауыратын балалар мен ересектер, жүкті әйелдер мен ардагерлер. Екпе алмас бұрын келуші дәрігердің толық тексеруінен өтеді. Егер дәрігер келушіден қандай да бір жұқпалы инфекциялық ауру анықтаса, не болмаса келушінің дене қызуы көтеріліп, ол жөтеліп тұрса, дәрігер оны толық тексеруге жібереді. Науқас сауыққан соң, емханаға қайтадан келіп, екпе қабылдай алады.
Акция барысында тұрғындарға тұмаудың алдын алуда екпе салдырудың өте маңызды және вакцинаның қауіпсіз екенін көрсету мақсатында Қарасай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мейіржан Әзербаев, орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Шоқанұлы және аудит, сапа жөніндегі орынбасары Зоя Сатыбалдинова ең алғаш болып вакцинаны өздері қабылдады.
Тұмауға қарсы иммундаумен аудан тұрғындарының шамамен 13% қамтылуы тиіс. Медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға жататын балалар, алты айдан асқан көп ауыратын балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлерінің балалары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) қызмет алушылары, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдерге, жүрек – қантамырлық жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар тұлғаларға тұмауға қарсы вакцина міндетті түрде ақысыз жасалады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.