Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» акция басталғалы ауданымызда әр аптадағы экологиялық шаралар жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Айналаны тазартуға қарасайлықтар белсенділік танытып, көктемгі сенбілікті де ұмыт қалдырған емес.
Осы уақытқа дейін Қарасай ауданында аталмыш акция аясында «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ» сияқты апта тақырыптарына сәйкес аудандағы аулалар тазартылып, тарихи-мәдени ескерткіштердің маңы абаттандырылып, көшет отырғызу, ағаштарды суару, әктеу сияқты жұмыстар қолға алынды.
Осындай әрбір экологиялық акцияның басы-қасынан ауданның басшысы Жасұлан Естенов те табылып, көпшілікпен бірге Президенттің байыпты бастамасына қолдау білдіріп келеді. Аудан әкімі алдыңғы аптаның сенбісінде «Жасыл аймақ» бойынша «Анаға құрмет» музейінің маңайында ұйымдастырылған ағаш отырғызу шарасына қатысты. Айта кету керек, «Жасыл аймақ» бойынша аптаның әр күнінде 300-ден астам тұрғын көгалдандыру акциясына белсенділіктерін танытты. Оның ішінде 40-тан астам мекеменің өкілдері бар. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде бір аптаның ішінде 1700-ге жуық ағаштың тамыры жерге орнықты. Осы жұмыстарға 106 техника жұмылдырылды.
Ал өткен аптаның экологиялық шарасы «Өнегелі ұрпақ» деп аталды. Оның мақсаты – ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру. Бұл бағытта аптаның әр күнінде 100-ден астам тұрғын акцияға қолдау білдіріп, 10-нан астам әлеуметтік нысанның айналасы ретке келтірілді. Сондай-ақ аудандағы қариялардың аулалары күл-қоқыстан тазартылды. Мәселен, 2 мамыр күні Жамбыл ауылы Алтынсарин көшесінде тұратын, білім саласында еңбек еткен, ардагер-ұстаз Әнуарбек Сұлтанов тұратын үйдің ауласына тазалақ жұмыстары жүргізілді. Мұндай шаралардың легі аптаның соңына дейін жалғасты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға жоспарланған. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Осы апта «Мөлдір бұлақ» деп аталады. Бұл шараның аясында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.