Еліміздің барлық аймақтарында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Әр апта сайын өтетін шара жаңа экологиялық сана қалыптастырып, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Аталған эконауқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылуда.
Игі шарадан біздің ауданымыз да шет қалмауда. Қарасайлықтар аудан аумағын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, ауқымды акцияға айрықша атсалысып жатыр. Осы уақытқа дейін акцияға 3845 тұрғын қытысып, 63 техника жұмылдырылды. Осының арқасында бүгінгі күнге дейін ауданымыздан 195,5 тонна күл-қоқыс шығарылып, 16,4 км шақырымдағы арық жүйелері тазаланған.
Жалпы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған күннен бүгінгі күнге дейін оған ауданымыздағы 939 мекемеден 35 841 адам қатысты, барлығы 629 техника жұмылдырылды. 1586 ағаш отырғызылып, 31 783 тонна күл-қоқыс Әйтей ауылдық округі маңында орналасқан арнайы қоқыс полигонына шығарылған.
Барлық өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бұл эконауқан алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, әр аптаның бейсенбісі күні тұрақты түрде ауданға қарасты аумақтардағы түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысы ұйымдастырылып отырады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.