2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырды. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін көбейтуді міндеттеді. Осыған орай, экстракорпоралдық, яғни, жасанды жолмен ұрықтандыру үшін мемлекеттік квота арқылы ЭКО жасатқысы келетін әйелдерді кезекке қоюға жауапты аудандық орталық ауруханадағы акушер-гинеколог Гүлмира Косаховамен сұхбаттасқан едік.
– Гүлмира Ергешқызы алдымен ЭКО жөнінде мәлімет берсеңіз.
– Бүгінде ЭКО арқылы дүние жүзі бойынша 6,5 миллионнан аса бала дүниеге келді. 43 жылдық тарихы бар экстракорпоралдық ұрықтандыру – өздігінен бала көтеруге денсаулығы жарамайтын, бірақ, сәби сүйгісі келетін жанның үлкен үміті. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) – бедеулік кезінде қолданылатын көмекші репродуктив технология. Мұндайда бала ананың денесінен сырт ұрықтандырылады. Анасы мен әкесінен қажетті генетикалық материал алынады. Лабораторияда ұрықтандырады, содан кейін эмбрионды арнайы инкубаторға ауыстырады. Егер жақсы дамып жатса, онда бірнеше эмбрионды әйелдің жатырына салады.
– ЭКО-ны елімізде қай уақыттан бастап тегін алуға болады?
– Қазақстанда 2010 жылдан бастап экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота бөлінеді. Статистикаға сүйенсек, елімізде осы уақытқа дейін жеті мыңға жуық ЭКО жасалыпты, нәтижесінде 3 000 бала туыпты. Ол кездері республика бойынша жылына тек 1000 квота берілетін. Ал, келер жылдан бастап Президентіміздің осы салаға көңіл бөліп, 7 есеге көбейтуі көп отбасына үміт сыйлады. Мен дәрігер ретінде бұл бастамаға өте қуаныштымын. Біздің ауданда дәл қазір жасанды жолмен ұрықтандыруға мемлекеттік квотаны алу үшін 85 әйел кезекте тұр. Ал, өткен жылы 13 әйел тегін ЭКО жасату мүмкіндігіне ие болып, ана атанды. Квота саны 7000 болғандықтан, бұйырса 2021 жылдан бастап 40-50 әйел квотаға ілінеді деп ойлаймын.
– Квота алу үшін не істеу керек?
– Алдымен тұрғылықты мекенжай бойынша профильдегі мамандарға диспансерлік есепке тұру керек. Яғни, учаскелік терапевтке бару қажет. Содан кейін ол қай маманға не үшін бару керегін түсіндіреді. Себебі, кезекке қою үшін арнайы репродуктология орталығына барып анализдерді тапсырады. Сол салалық емхананың дәрігерлері ЭКО жасатуға денсаулығы жарайды деген қорытынды береді. Сол қорытындыны алып орталық ауруханадағы жауапты маманға әкеліп тапсырады. Біздің ауданда мен тізімге тіркеп, облысқа жіберемін. Квотаны сол облыстық денсаулық сақтау басқармасынан құрылған арнайы комиссия шешеді.
– ЭКО қандай жағдайда жасалады, квотаның кімге берілмеуі мүмкін?
– Бір жыл ішінде емделгенімен бедеулік жойылмаса, жатырдың екі түтікшесі де болмаған жағдайда, аналық без болмаған жағдайда, түтікшенің бітелуі салдарынан түтікше, түтікше-ішперде бедеулігі, 6-12 ай бойы гормон терапиясы жасалғанымен нәтижесі болмаған эндокрин бедеулігі және басқа денсаулық жағдайына байланысты ЭКО арқылы жүкті болуға болады. Ал, квота жүктілікке кедергі келтіретін қандай да бір ауыр ауруы бар, соматикалық және психикалық аурулар, туғанынан жатыр деформациясы ауруы болса, жұмыртқада қатерсіз ісік болса, жатырда қатерсіз ісік, т.б. болған жағдайда квота берілмейді.
– Тұрмыс құрмаған немесе күйеуі жоқ әйелге ЭКО үшін квота беріле ме? Жылына қанша рет ЭКО үшін квота алуға болады?
– Иә, денсаулығы жараса, ала алады. Себебі, квотаны тек ерлі-зайыпты емес, заңды некеге тұрмаған әйелдер де ала алады. Қазір ер адамдар жағынан белсіздік көптеп кездеседі. Ал, әйелдерінің денсаулығында ешқандай кінарат жоқ, бала көтеруге мүмкіндігі толықтай бар болады. Мұндай жұптар да мемлекеттік квотаны ала алады. Барлығына арнайы комиссияның шешімімен мемлекеттік тегін медициналық көмек көлемі аясында бір жылда тек бір рет ЭКО үшін квота беріледі. Жүктілік сәтті болмаған жағдайда қайта кезекке тұру керек.
– «Түтіктен пайда болған» балалар шындықты қалай қабылдайды? Моральдық соққы келтірмеу үшін ата-аналар не істеуі керек?
– Өкінішке қарай, біздің қоғам ЭКО әдісімен туған балаларды әлі де қабылдамайды, цирктегі аң секілді қызықтайды. «Ана баланы ЭКО-мен туған» деп маған келіп айтса, мен үшін ол – қалыпты бала. Себебі, мен маманмын, түсінемін. Ал, халықтың көзқарасына байланысты көптеген ата-ана қандай жолмен балалы болғанын жасыруға мәжбүр. Бізге келіп, балалы болған жұптар өз таныстарын жіберерде «Біздің ЭКО жасатқанымызды айтпаңызшы» – деп өтінеді. Біздің қоғам бұған әлі әзір емес. Сондықтан, қоғамымыз дайын болғанша, дәл қазіргі уақытта балаға ештеңе айтпаған да дұрыс шығар. Себебі, олардың өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ.
Біз жалпы ақпарат ұсындық. Абзалы, азамат өзі тіркелген емханаға барып, дәрігермен кеңескені жөн. Себебі, әр адам – индивид және оған тек арнайы маман көмектесе алады.
Сұхбаттасқан Бұрым ОРЫНБАСАР.