ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2007 жылдан бастап, «Мектепке жол» акциясы биыл да өз жалғасын тауып жатыр. 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін іс-шара дәстүр бойынша ауданымызда да насихатталуда. Акция мақсаты – мектепке баратын аз қамтылған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасы балаларына жәрдем көрсету. Осы шараның тағы бір негізгісі – материалдық себептермен мектептен қалып қоятын балаларды анықтау. Осыған орай, акция аясында Қаскелең қаласында тиісті органдардың өкілдерінен арнайы топ құрылып, тексеріс ретінде рейд жүргізілді. Аудандық білім бөлімінің маманы Әйгерім Ахметова мен ювеналдық полицияның аға инспекторы Айдос Садықов бастаған арнайы топ «Жер-Ана» орталық базарына бірінші барып, ондағы сауда жасап тұрған бірнеше оқушыларды кездестірді. Базар ішіне кіре берісте жасөспірім бала бірден көзге түсті. 9 сыныпқа көшкен оқушы, ағасымен бірге велосипед бөлшектерін сатумен айналысады екен. Ағасының қолында «қауіпсіздікке жауап беру туралы» сенімхат болмағандықтан, полиция қызметкерлері інісін бөлімшеге алып кетуге мәжбүр болды. Содан кейін базар ортасында киім сатып тұрған екі бозбаланы жолықтырды. Бірі – Қаскелең қаласындағы орта мектептің оқушысы болса, екіншісі – ауданымызға қарасты көпсалалы колледжде оқитын болып шықты. Ағасының қол астында жұмыс жасап жүрген жасөспірімдердің қажетті құжаттары болмаған соң, оларды да полиция бөлімшесіне алып кетті. Тексеріс барысында, тіпті, 5-ші сынып оқушылары да кездесіп жатты. Олардың айтуынша, арбамен сусын тасып, нәпақа табатын көрінеді. Жауапкершілік міндетін ұмытқан дүңгіршек қожайынына ескерту жасалып, балаларды ата-анасының рұқсатымен полиция бөлімшесінен алып кететін болды. Осылайша базарды барлаған арнайы топ полиция басқармасына бет бұрды. Өйткені, ол жақта ата-аналар қауымы күтіп тұрған еді. Барлығына ауызша ескерту жасалып, жеке және туу туралы куәліктерін тексеріп, балалар босатылды. Заң тұрғысынан қарағанда кез келген балаға ата-анасы ғана жауапты немесе аға-әпкелерінің қолында нотариалды бекітілген сенімхат болуы тиіс. Сондай-ақ, екінші рет осы жағдай қайталанса, айыппұл салынатынын да ескертті. Нақты айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 127-бабының 1-бөлімінде көрсеткендей, жеті айлық есеп көрсеткішпен (16835 теңге) жазаланатынын түсіндірді.
Содан кейін рейд автокөлік жуу орындарын аралаумен жалғасты. Нәтижесінде жұмыс жасап жүрген оқушылар табылмады, тек «Қаскелең автопарк» маңында орналасқан автожуу орнында түр-әлпеті оқушыға ұқсас бала кездесті. Жасөспірім өзінің 18-ге толғандығын айтып, құжаттары жоғалуына байланысты қалыпқа келтіріп жатқанын түсіндірді. Полиция қызметкерлері айтқан сөздеріне күдіктеніп, басқармадан телефон арқылы толық мәліметті білуді жөн санады. Айтқандай-ақ, оның кәмелеттік жасқа толғаны, тіпті, Шу қаласының тұрғыны екені анықталды.
Жалпы алғанда, жүргізілген рейд нәтижелі болды. Аға инспектор Айдос Рахымжанұлының айтуынша, бұған дейін де «Нұр Отан» партиясы, прокуратураның бастамасымен де жедел іс-шаралар жүргізілген екен. Тексеру кезінде алкоголь сусындарын сатқаны үшін 2 дүкенге, 1 компьютерлік клубқа айыппұл салыныпты. Сонымен, «Мектепке жол» акциясының арқасында жүргізілген бұл жолғы рейд өз жұмысын аяқтады. Қайырымдылық акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек арасында жүретіндіктен, рейд әлі де жүргізілетін болады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.