Ауданымыздағы Ұмтыл ауылдық округінде орналасқан әл-Фараби атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнаулы мектеп-гимназиясының бой көтергеніне отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Осы мерзім ішінде білім ордасының діңгегі қалыптасып, өте мықты ұжым құрып, өңкей үздік шәкірттер тәрбиелеп, облысты былай қойғанда республикадағы үздік гимназиялармен деңгейлес дәрежеге жетіп отыр. Аталмыш білім ордасы тәуелсіздік құрдасы болып табылатынын ерекше атап кетуге болады.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1991 жылы Алмалыбақ ауылының тұрғындары қазақ тілді мектеп ашу туралы бастама көтереді. Сол кезде ауданда қырыққа тарта білім ұясы болса, оның ішінде тек Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектеп қана қазақша оқытатын еді. Бұл істі басшылық жағы жақсы қолдап, 1991 жылы 15 маусымда әл-Фараби атындағы орталау мектептің ашылуы туралы шешім де шығып, екі ай арасында барлық ұйымдастыру жұмысы жүйелі жүргізіліп, бірінші қыркүйекте оның мектеп табалдырығын 339 оқушы аттаған. Ал, тынбай еңбектенген ұстаздар ұжымының арқасында білім деңгейі жоғарылап 1997 жылы ауданда екінші болып, көпсалалы гимназия атанды. Бүгінде гимназия республикадағы алдыңғы қатарлы білім мекемесінің бірі екенін де мақтанышпен айта аламыз.
1995 жылдан бері, оқу ордасы Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның мектептер қауымдастығының мүшесі болып табылатын үздік 8 мектептің қатарында. Оның 2007 жылы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнаулы гимназия дәрежесін алуы мекеменің абыройын одан әрі асқақтата түсті. Елімізде үш тілде сабақ беретін 33 базалық мектеп бар болса, соның бірі – осы гимназия. Ұстаздар қауымынан да заман көшінен қалмай оқытудың үздік әдіс-тәсілдерін меңгеру талап етілді. Сол уақыттан бастап оқушылар «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы (РҒПО) бағдарламасымен оқытыла бастады. Себебі, білім ошағының мәртебесі өсуіне байланысты алға қойылған талаптардың салмағы ауырлап, тың жоспарлармен толықтырылды. Ондағы білім жүйесінің басты мақсаты – дарынды балаларды көтеру, олардың білім көкжиегін, ой-өрісін, таным-түсінігін кеңейту, қабілет-қарымын арттыру. Сонымен қатар, мұнда ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап тереңдетіліп оқытылып, ал, жетінші сыныптан жаратылыстану бағыты бойынша информатика, химия және биология пәндері сабағын ағылшын тілінде жүргізу қолға алынды. Яғни, бұл білім мекемесін бітірген оқушылар мектеп қабырғасынан-ақ үш тілді меңгерген кадр болып қалыптасады. Бүгінде ензілген өзгерістер мен қатаңдатылған талаптардың нәтижесі де керемет. Мектеп түлектерінің 80 пайызы мемлекеттік грантпен еліміздегі, халықаралық деңгейдегі үздік университеттерде оқып жатыр. Сондай-ақ, интеллектуалды бағыт бойынша балалар республикалық деңгейдегі «Дарын», интернет олимпиадаларда, «Зерде» ғылыми жобалар байқауы, халықаралық деңгейдегі «Bebras-2018» информатика пәнінен және өзге де жарыстарда жыл сайын жүлделі орындарды иеленіп, оқушыларының білімі түрлі байқауларда шыңдалуда.
Білім ошағын алғашқы болып басқарған химия профессоры Әділхан Дүйсебектің мектептің өркендеу жолына қосқан үлесі айрықша. Оқу ордасының осы күнге дейін алғашқы қадамынан қаз тұрғаны соның айқын дәлелі. Одан соң айтулы алғашқы басшысының салған сара жолын 2003-2005 жылдары аралығында ҚР «Білім беру ісінің үздігі» А.Егеубаев жалғайды. Ал, оқу ордасын 2005-2013 жылдары ҚР «Білім беру ісінің үздігі» Нағима Сағатова басқарған кезде үлкен өзгерістер орын алғанын да айта кеткен жөн. 2013-2018 жылдар аралығында басшылық қызметте Ы.Алтынсарин атындағы медалдің иегері Баян Саурамбаева болды. 2018 жылдың тамыз айынан бері әл-Фараби атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын гимназияның директоры Бақшагүл Мұстафина болып табылады. Білгір мұғалім, білікті педагог, іскер жетекші бүгінде бүкіл жұмысты одан әрі биікке көтеріп, мұндағы білім беру жүйесінің болашақта классикалық гимназия дәрежесіне жетуіне ұйымшыл ұжымымен бірге барынша күш салуда. Өз мамандығын құлай сүйгендіктен болар, таңертең мектепке барып, сабағын беріп, түс қайта ертерек қайтқанына қуанатын бір сыдырғы мұғалімдей емес, өз кәсібінің тереңіне сүңгіп, маржанын іздеген еңбекқор маман. Әрдайым ұсыныс енгізіп, өркендеу жолында үлесін қосып жүретін Бақшагүл Байзаққызы білім ордасында ашылғалы жұмыс істеп, биыл еңбек өтіліне 28 жыл толыпты. Сол еңбекқор, турашыл, талапшыл қасиеттерінің арқасында мектепте мұғалімдердің оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беруін назарынан тыс қалдырмай, жауапкершілікті шешімдер қабылдап бәсекеге қабілетті болуын сақтап келеді.
Қазіргі кезде гимназияда 1587 бала оқыса, оларға 132 мұғалім білім мен тәрбие беруде. Ондағы 40 ұстаз жоғарғы санатта болса, заман ағымына сәйкес жаңа білім жүйесіндегі тестілеуден өту арқылы мектеп басшысы Бақшагүл Байзаққызы бастаған үш «Педагог-шебер», тоғыз «Педагог-зерттеуші», он екі «Педагог-сарапшы», он төрт «Педагог-модератор» атағына ие мұғалімдер саны жыл санап артуда.
Оқушылардың интеллектуалды дамуына үлкен мән берілетін мектеп-гимназияда мәдени бағытқа да басым назар аударылады. Солардың ішінде ауданымызға кеңінен танымал «Сымбат» сән театрын айтуға болады. Сән театрының бір ерекшелігі сахналық қойылымдарды бір сөзсіз фантазияға ерік беріліп тігілген киімдер арқылы көрсетеді. Балалардың қиялын ұштайтын, әрі еш жерде жоқ, жетістіктері жетерліктей үйірмеге Аржарқын Уәлиева жетекшілік етеді. Ал, мектеп ішінен құрылған ансамбль болса ұлттық құндылықтар ды ұлықтайды. Себебі, ұмыт бола бастаған қазақ халқының домбыра, жетіген, қобыз, адырна, шертер, асатаяқ, шаңқобыз, сырнай сынды аспаптары бойынша сабақ жүргізетін Гүлнар Сапарханова күй өнерін дамытуды көздейді екен. Тігін өнерін қыр-сырын қолөнер үйірмесінде Майра Сауранғожаева әдіс-тәсілдер үйретсе, 50-60 жуық қыз қатысатын «Балауса» би тобына деңгейлі жарыстарға хореограф Бақытгүл Хасанова дайындайды. Бар бағытты қамтыған білім ошағында спорт саласы да дамыған. Таэквандо, шахмат, волейбол, футбол, баскетбол,каратэ, бокс секцияларына шынығатын білімгерлері халықаралық байрақты бәсекелерде топ жарып, жүлделі орындарды иеленуде. Сондай-ақ, жуырда, мектеп директорының айтуынша «Робототехника» және толықтай жабдықталған «IT-сыныптар» ашу жоспарда бар екен.
Мұның бәрі айтуға ғана оңай, әйтпесе, осынау дүниелерді ұқсата білу, басқаруда қаншама еңбек, қаншама тер, күш жатыр десеңізші! Иә, «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады» деп Абай атамыз айтқандай, қазір білімдінің заманы. Ақыл мен ғылымның заманы. Ендеше, бұл мектептен қанат қаққан жастардың болашағы жарқын, жүрер жолы даңғыл екені айдан анық.
Бұрым ОРЫНБАСАР.