Ұлттық мәдениет пен қазақ руханиятының дамуына үлес қосып, осы салада тынымсыз тіршілік етіп жүрген білікті мамандардың атқарып жатқан еңбектері қашанда елеулі. Олар – өнерді өрге сүйреп, дәстүрді жаңғыртып жүрген жандар. Осындай істе белсенділік танытқан бірқатар жетісулықтардың өткен аптада мерейлері үстем болды. Олардың арасында ауданның әлеуетін арттырып жүрген қарасайлықтар да бар болғанын ерекше айтуға болады.
Алматы облысының мәдениеті мен өнер саласын жаңғыртып жүрген қызметкерлер өткен аптада Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы драма театрында бас қосып, кәсіби мерекелерін атап өтті.
Арнайы ұйымдастырылған салтанатты жиынға облыс әкімі Амандық Баталов арнайы қатысып, қоғам өміріндегі, рухани кемелденудегі өнердің рөлі туралы қысқаша айта келіп, облыста мәдениетті қолдауға көп көңіл бөлініп отырғанына да тоқталып өтті. Сонымен қатар, осы салада еңбек етіп жүрген үздік мамандардың түрлі байқауларда топ жарған жастардың есімдерін де атап өтті.
Игі шараның аясында мереке иелерінің еңбектері еленіп, бірқатары марапатталды. Жыл бойғы тындырымды жұмыстарының қорытындысында 14 номинация бойынша үздік мекемелер мен үздік мамандар анықталып, оларға құрмет көрсетілді. Бұлардың арасында Қарасай ауданының азаматтарының да есімдері аталды. Нақты айтқанда, «Батыр бабалар» музейінің меңгерушісі Әлім Орынбасар «Үздік музей қызметкері» атанса, Ұмтыл ауылдық Мәдениет үйінің директоры Қолғанат Измаханов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Ал, биылғы өңірдің үздік мәдениет мекемесі атанған «Алатау әуендері» концерттік ұжымы облыс әкімінің қолынан «Киа Рио» автокөлігінің кілтін алды. Естеріңізде болса, былтыр дәл осы атақ біздің аудандағы «Анаға құрмет» музейіне бұйырған еді.
Мәдени шара барысында басқа да бірқатар жетісулық азаматтарға Мәдениет және спорт министрлігінің және облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.
Д. МУХАМАДИЕВ.