Энергетика – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Жыл сайын желтоқсан айының үшінші жексенбісінде аталмыш салада қызмет атқаратындар кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осыған орай жақында аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара өтіп, аталған салада жемісті еңбек етіп, оның дамуына үлес қосып жүрген қарасайлық мамандарға құрмет көрсетілді.
Кештің шымылдығын аудан әкімі Жасұлан Естенов ашып, жиналған сала қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады.
– Энергетика – экономиканың негізгі діңгегі. Себебі әрбір адамның, барлық мекемелердің тұрақты қызмет етуі, экономиканың барлық салаларындағы кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеу жарық пен жылуға тікелей байланысты. Ал осы саланы тандап, оның жылдан-жылға дамуына еңбектеніп келе жатқан мамандар әркезде құрметке лайық.
Ауданымыздың барлық энергетиктерін төл мерекелерімен құттықтаймын! Баршаңызға жақсылық, отбасыларыңызға амандық, кәсіби жетістіктер, өз күшіне сенімділік, тұрақтылық пен амандық тілеймін! Аспанымыз ашық болсын, – деді аудан басшысы.
Мұнан кейін алқалы жиынның ресми бөлігінде Жасұлан Тоққожаұлы өз атынан энергетика саласының дамуына үлес қосқан бірқатар мамандарды Құрмет грамотамен және Алғыс хатпен марапаттады.
Іс-шараның ресми бөлімінен кейін жиналғандар аудан өнерпаздары арнайы дайындаған мерекелік концертті тамашалады.
Кештен аудан энергетиктері жанға жайлы әндер мен мың бұралған бишілердің өнерлерінен жақсы әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен қайтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.