Қазақ елі бір шаңырақ астында басқа ұлттармен бірлігін мызғымастай берік ұстаған халықтардың бірі. Бүгінде қазақтың дархан даласын мекен еткен ұлт пен ұлыстың, ағайын мен бауырдың ынтымағы жарасқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мейрам еліміз бойынша қазақ халқы мен 130-дан астам этнос өкілдерінің татулығын одан әрі арттыратын айтулы күн десек те болады. Олармен іргемізді нықтап, достығымызды асқақтатып отырудың өзіндік орны бар. Оның тарихы 1995 жылы құрылған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев төрағалық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясында жатыр. Барша ұлт өкілдері осындай ынтымағы жарасқан бір шаңырақ астында тәту-тәтті ғұмыр кешіп отыр. Олармен дәстүрлі түрде жыл сайын ортақ мерекені бір отбасының мүшесіндей тамаша тойлаудың өзі жақсы әдетімізге айналған.
Биыл мұндай мерейлі мерекенің ауданымызда айрықша аталып өтілуі де жоғары деңгейде болды. Қаскелең қаласында орналасқан орталық стадионда тойланған салтанатты шара ерекше безендірілген сахнамен, жасыл алаңдағы әр ұлттың биімен ұласқан көрініспен көптің көңіліне қуаныш сыйлады. Бірлік күнін көпшілікпен атап өтем деген қарасайлықтардың қарасы аз болмады.
Мерекелік концерттің басында аудан әкімі Жандарбек Далабаев құттықтау сөз сөйлеп, келген қонақтарға, тарих пен тағдыр тоғыстырған ұлт өкілдеріне ақ тілегін жеткізді.
– Бірлігі жарасқан мемлекеттің тұтас бір ел болып қалыптасуы, оның ішінде өзге ұлт өкілдерімен достық, бауырлық қатынасты нығайта отырып, бірге өмір сүру – мемлекеттің басты байлығы деп есептеймін. Бүгінгі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні баршаңызға құтты болсын! Аудан басшысы ретінде қасиетті Қарасай жеріндегі 30-дан астам ұлт өкілдерін мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы.
Салтанатты шара барысында өнерпаздардың орындауында халық әндері мен күмбірлеген күйлер орындалып, славян, кәріс, ұйғыр, күрд сияқты этно-мәдени орталығының ұлттық би өнерлері ортаға салынды. Мереке қарсаңында орталық стадионның айналасында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылып, онда түрлі отандық өнімдер мен ара балының бірнеше түрі сатылымға шықты. Сондай-ақ, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері және балмұздақ сияқты тәттілерден сауда-саттық көпшілікке ұсынылды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.