Қарасай ауданына қарасты Долан ауылындағы ең өзекті мәселенің бірі – осы уақытқа дейін мектептің жоқтығы. Бұрын аталмыш елді мекенде тозығы жеткен бастауыш мектебі ғана болатын. Ауыл халқы талай жылдан бері жаңа білім ошағын салуды сұрап, наразылықтарын айтудан жалықпап еді. Биыл міне, аталған мәселе оңтайлы түрде шешімін тапты. 2,5 га жер теліміне 1200 оқушыға арналған жаңа нысан бой көтеруде. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асуда.
Жаңа нысанның құрылы-сымен «BI GROUP CORPORATION» компаниясы айналысуда. Ал оның тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
Доландықтардың игілігіне берілетін мектеп салынып жатқан жерге жақында арнайы бардық. Мердігер мекеменің де, тапсырыс беруші компанияның да өкілдерімен тілдесіп, жұмыс барысын көзбен көріп қайттық. Байқағанымыздай істің ілгерілеуі білініп-ақ тұр. Қабырғаларының жартысынан көбі көтерілген, айналасы қоршалған, құрылысшылар ішкі жағына да кірісіп кеткен. Адамдардың қауіпсіздігі үшін құрылыс алаңы «қызыл», «жасыл» аймақтарға бөлінген.
Ғимарат құрылысының тапсырыс берушісі ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның өкілімен ашық әңгімелестік. Көкейде жүрген сауалдарға тиісті жауап ала білдік. Ресми ақпаратқа сүйенсек, мектептің аяқталу мерзімі осы жылға жоспарланған. Анығын айтқанда, 2024 жылдың қыркүйек айына деп белгіленген. Бұл жөнінде аталмыш компанияның Алматы облысы бойынша өңірлік басшысы Елжан Туленбаев айтты.
– Мектеп құрылысының тапсырыс берушісі ретінде қазіргі уақытта мердігер мекемеге ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін нысанды толық аяқтау жөнінде талап беріп отырмыз. Қазір бұл жерде 129 құрылысшы өз міндетін атқаруда. Пайыздық көрсеткішпен айтқанда осы уақытқа дейін 39% жұмыс бітті. Мектептің ерекшелігіне тоқталар болсақ, мұнда болашақта екі спортзал қарастырылған. Оның бірі бастауыш сыныптарға, екіншісі жоғары сыныптарға арналған. Одан кейін заманауи үлгіде акт залы болады. 1200 оқушыға арналған білім ошағы болғандықтан, нысан 10 блокқа бөлінеді. Жергілікті әкімдік өз тарапынан тиісті көмегін көрсетуде, – дейді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның өкілі Елжан Сейітнұрұлы.
Айта кетейік, Президенттің пәрменімен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданымызда 10 мектеп салынуда. Жоғарыда атап өткен Доландағы білім ошағы – соның бірі. Қалған ғимараттар жайлы алдағы уақытта кеңінен тоқталамыз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.