Қазіргі таңда ауданымызда діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде біраз істің басы қайырылғанымен, әлі де шешімін табуын күткен мәселелер бар. Осыған байланысты үстіміздегі аптаның сейсенбісі күні әкімдіктің мәжіліс залында Қарасай ауданы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева төрағалық еткен жиынға кеңес мүшелерінен бөлек құқық қорғау органдарының өкілдері, қала және ауылдық округтердің әкімдері мен жауапты мамандар қатысты. Бас қосуда ауданымызда заңсыз салынып жатқан мешіттерді заңдастыру және басқа да дін тақырыбындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Кеңес отырысында дінтанушы маман Хакім Оразай баяндама жасап, ауданымыздағы мешіттердің қазіргі жағдайына кеңінен тоқталды. Дінтанушы маманның айтуынша, бүгінде ауданымызда жұмыс істеп тұрған 42 мешіттің ішінде Қаскелең қаласы мен Көкөзек, Көксай, Жаңатұрмыс, Бекболат ауылдарында орналасқан жетеуінің құжаттары әлі күнге дейін толыққанды жасалмаған. Нақтырақ айтқанда, жеті мешіттің бесеуінде мемлекеттік жер актісінің мақсаттық бағыты өзге болса, екеуінде мемлекеттік актісі және техпаспорты жоқ. Мұнан бөлек бүгінде ауданымызда ресми түрде рұқсат берілмеген 10 заңсыз мешіттің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Аталмыш мәселе жөнінде округ әкімдері мен жауапты мамандар нақты ақпарат беріп, құжаттары толық емес жеті мешітке көмек көрсетіліп, құжаттары реттестіріліп жатқандығын айтты. Ал, заңсыз салынып жатқан мешіттердің бірқатарының құрылысы бүгінде тоқтатылса, кейбіреуінің құжаттары жасалып жатқандығын жеткізді. Әкімдер мен мамандардың жауабын тыңдаған аудан әкімінің орынбасары А.Назарбаева оларға өңірде мешіттерді рұқсатсыз тұрғызып жатқан азаматтар заңға бағынуы керектігін қадап айтып, әрбір округтегі жаңадан салынған мешіт және басқа да құлшылық орындарының құжаттарын заңға сай қалпына келтіру міндетін жүктеді.
Келесі кезекте дінтанушы маман Кеулімжай Жүнісбеков сөз алып, радикалды көзқарастың жетегінде жат ел асқан қандастарымызды елге қайта оралуға көмектесуге бағытталған «Жусан» операциясы жайлы, ауданымызда дін істеріне байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жайында жан-жақты баяндады. Нақтырақ айтқанда, дінтанушы маман өз сөзінде «Жусан» операциясы бойынша елге оралған әйелдер мен балалардың әлеуметтік жағдайы, яғни, оларды баспана, азық-түлік, киім-кешекпен қамту жағынан көрсетіліп жатқан көмек пен қоғамға қайта бейімдеу шараларын ұйымдастыру бойынша толыққанды мәлімет беріп өтті.
Ауданымыздағы діни ахуал талқыланған жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева округ әкімдері мен жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар беріп, дін саласындағы жұмыстарды қатаң бақылауға алып, мемлекеттің осы саладағы саясатын жүзеге асыру шараларын күшейтуді тапсырды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.