Қабырғамызды қайыстырған қаралы қаңтардың орын алғанына бір жылдың жүзі болыпты. Былтыр дәл осы уақытта ел тыныштығы бұзылып, мемлекетімізге қауіп төнген еді. Бейбіт наразылықтың соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқаны белгілі. Бүгін Парламенттегі Мәжіліс отырысында осы Қаңтар оқиғасының салдары мен көтеріліске қатысты анық ақпараттар айтылды.
Мәжілістің жиынында ел естімеген деректер көпшіліктің назарына ұсынылды. Бас прокурор Берік Асылов қайғылы оқиғаға қатысты ел жадында жүрген сұрақтарға жауап беріп, дүрбелеңнің орын алуы алдына ала жоспарланғанын түсіндірді. Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы – мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің арап пиғылы.
Қаңтардағы қақтығыстан мемлекетіміз талай шығынға батқаны белгілі. Қаншама жазықсыз жандар жапа шегіп, тіпті, лаңкестердің кесірінен кейбірі қаза тапты. Көптеген ғимараттар қирап, жарамсыз болды. Мәселен, бүгін белгілі болғандай 8 облыста 42 қоғамдық нысан бүлінген. 358 коммерциялық орын зардап шекті. Осындай опасыз іс-әрекеттерді істеген азаматтар заң алдында жауап береді деген сенімдемін. Бас прокурор айтқандай, қылмыстық іс әлі де тергелуде. Сондықтан оның әділ шешімі болады деп ойлаймын.
Қанды қаңтар жұртшылықтың есінде сақталатыны сөзсіз. Ел басына күн туғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өте орынды пәрмен беріп, Тәуелсіз елді бір төнкерістен аман қалғанына алғысымыз шексіз. Мемлекет басшысының арқасында халықтың ынтымағы ыдырамай, бұл сынақты бірге еңсердік. Әділетті Қазақстан орнату үшін Президентіміз әлі де жүйелі жұмысын жасап келеді. Сондықтан біз оның саясатын қорғап, мемлекеттің дамуы үшін әрбіріміз үлес қосуымыз керек деп есептеймін. Біздің күшіміз – бірлікте. Әділетті Қазақстанды орнату жолында еңбек етуден жалықпайық!
Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,
Қарасай аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы.