Шамалған ауылының тұрғыны Кошали Асланов әмбебап диірмен құрылысын 2013 жылдан бастап қолға алған. Ондағы басты мақсаты – ауданымыздың ғана емес, жалпы еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өзіндік үлес қосып, шаруалардың ілкімді істерін алаңсыз алға дамытуына жағдай туғызу. «Талпынған жетер мұратқа» дегендей, бірнеше жыл төңірегінде төгілген тер, жұмсалған күш-қуат пен жасымаған жігер бүгінде өз нәтижесін бере бастағандай. Олай дейтініміз, «Алматы – Бішкек» күре жолының бойындағы Шамалған елді мекеніне қарайтын аумақта орналасқан «Үшқоңыр ұн» диірменінің былтырдан бері толығымен іске қосылып, бүгінде өндіріс қарқыны біртіндеп күшейіп келе жатқан жайы бар.
Қазір мұнда жиырмадан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Жалпы, қуаттылығы тәулігіне 50 тонна дәнді дақыл, 80 тонна мал азығын дайындауға еркін жететін өндіріс орынында барлық үрдісті құрылғылар атқарады. Технологтар іс барысын қатаң қадағалап, еңбеккерлер дайын ұнды қаптарға құйып алып, жинап тұрады екен. Ауыр жүк көліктері кіріп бидайды төккен соң ол жақсылап жуылып, кептіріліп, арнайы бөшкелерге сұрыпталып, тартыла бастайды. Бес қабатты зәулім ғимараттағы бірде жоғарыдан төмен, бірде керісінше төменнен жоғары жүретін тынымсыз тіршіліктің жүйесі жолға қойылғаны байқалады. Әрине, бұған білікті басшының сан жылдар төңірегінде жинаған тәжірибесі де өз септігін тигізгені анық.
Қысқаша қайырып айта кетер болсақ, кейіпкеріміздің ата-анасы Сабыр мен Кадрия сонау бір қысылтаяң кезеңдерде Кавказ елінен жер аударылып, ауданымызға табан тіреген. Әкесі өмір бойы көлік жүргізіп, анасы егістік даласында тер төккен. Сол себептен де қара жұмыстың қиындығы мен бейнеттің зейнеті не екенін жастайынан жақсы түйсінген Кошали Асланов нақты мақсат-мұраттар құрып соған жетуге талпынуды әдетке айналдырған. Орта мектептен соң ауылдағы №2 училищеде слесарь-монтаждаушы-электрдәнекерлеуші кәсібін меңгергенімен, әскер қатарында болып келген соң еңбек еткен Алматыдағы №12 көкөніс базасындағы диірменге қызығушылығы қатты ауған көрінеді. Осы диірменде технолог дәрежесіне дейін өсіп, кейіннен, тіпті, Көкшетау, Қостанай жақтардағы ұн шығаратын кешендердің құрылысына қатысуға мүмкіндік алған. Уақыт өте келе барлық жиған-терген біліктілік пен тәжірибені пайдалана отырып осы шаруаны қорықпай қолға алған.
– Айналамызда жылдап ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан еңбеккерлер аз емес, – дейді Кошали Сабырұлы бізбен әңгімесінде. – Піскен дәнді дақылдарды жинап, оны өткізуге келгенде қиындықтар қылаң бере бастайды. Әсіресе, шалғайдағы дихандар көлік жалдап, жиған-тергенін Алматыға апарады. Кейде ол жақтағылар дақылдарды қабылдамай қайтаруы да мүмкін. Осындай жағдайларды ескере отырып, бір жағынан көптен бергі арманымды жүзеге асырғым келіп, тәуекелге бел будым. Өзіміздің отбасылық бір гектар жерімізге диірмен сала бастадым. Түріктің «CIFT KARTAL» құрылғысын сатып алдық. Былтырдан бері құрылыс толық аяқталып, іс жүре бастады. Әрине, әлі де түзетер кемшін тұстарымыз, жүзеге асырар жоспарларымыз аз емес. Десек те, біздің диірменнен «Үшқоңыр ұн» маркасымен өндірілетін ұнды іздеп сатып алатындардың қатары көбейіп келеді. Бұл үлкен қуаныш әрі еңбегіміздің алғашқы жемісі деген ойдамын.
Соңғы жылдары кәсіпорын тұтынушыларының сұранысы артып, жұмыс қарқынын жеделдету мақсатында диірмен өз ауқымын кеңейтуге ден қойған. Атап айтқанда, мал азығын дайындайтын арнайы үшінші блокты тұрғызған. Құрама жемді түйіршіктейтіндей жабдықтарды арнайы Түркия елінен алдырыпты. Қазіргі уақытта мұнда әртүрлі жануарға түйіршіктелген түрлі сортағы құрама жемдер дайындалады. 12 ұнның, 14 құрама жемнің шикізатын сақтайтын бункерлер қойылған. 100 тонналық дайын өнімді сақтайтын 5 бөшке тағы бар. Иә, диірменнің тасындай шыр айналып, уақыттың ағымынан калмай дамып келе жатқан кәсіпорынның әлі де атқарар ісі алда.
Десе де, соңғы екі жылда әлемді дүр сілкіндірген індет Қошали Асланов басқаратын ұжымды да айналып өтпеген. Алматы қаласындағы көпетген жұмыс орындарының жабылуына байланысты, қызметкерлер ағылып келе бастаса, кей уақыттары сырқатқа байланысты олардың қатары сиреген.
– Карантин уақыты бізге қатты әсер етті деп айта алмаймын. Нан деген ең бірінші сұраныстағы өнім болғандықтан, біздің диірменнің жұмысы тоқтап қалған жоқ. Керісінше, тапсырыс артты десем болады. Адамдардың азық-түлік мүлдем жоқ болып қалады деп дүрлігуінен қап-қап ұннан алған кездері де болды, – деп күліп еске алады кәсіпкер.
Мұнда қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Екі ауысымда жұмыс істейтін олардың 4 мезгіл тамақтанулары тегін, әрі өздері шығаратын өнімді жеңілдікпен алуларына болады. Кәсіпорын әкімдікпен бірлесіп қайырымдылық жасауға да белесене атсалысады.
Осы ретте «Алматы-Бішкек» күре жолының бойында орналасқан диірменнің басшыларының «QazAvtoJol»ҰҚ» АҚ өкілдеріне уәждері бар екен.
– Трассадағы айналама жолдың арасы өте алыс болғандықтан диірменге келу мүлдем ыңғайсыз. Біз екі ортада қалып қалғанбыз. Қайта барып келу үшін ұзақ уақыт кетеді. Сондықтан айналма жолды бізге қарай жақындатпаса да, диірменге бұрылыс жасап берсе екен деген өтінішіміз бар. Көптеген тұтунушылардан осының кесіренен айырылудамыз. Саудамыз одан әрі артар еді, – дейді кәсіпорын өкілдері.
Қазіргі таңда жергілікті тұрғындар диірменнен шығатын жоғары, бірінші сұрыпты ұнды, тандыр және қара нан ұнын нарықтан төмен тиімді бағаға ала алады. Жеке зертханасы жұмыс істейтін өндіріс орны сапа талаптарын назардан қалт жібермейді. Себебі, қыруар қаражат жұмсалып, бірнеше жыл көлемінде аяққа тұрғызып келе жатқан зауыттың келешегі тек жақсы нәтижеде, сапалы ұнда екені белгілі. Сондықтан, алдағы кезде өндіріс қуаттылығын тәулігіне 120 тоннаға дейін өсіруді мақсат еткен шамалғандық шаруа күндердің күнінде Елбасы туған өңірді, өсіп-өнген топырақты жаңа бренд арқылы алыс-жақын шетелдерге де таныта түсетініне бек сенімді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.