Бұған дейін де жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген қайырымдылық акциясы ауданымызда жалғасуда. Осы жолғы сауапты іске облыстық мәслихаттың депутаттары Мұхит Үмбетов пен Әлібек Сәрсенов атсалысты. Олар 18 тұрмысы төмен отбасы балаларын мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Осы іске арналған бас қосу «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында болды.
Алдымен сөз алған «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов қайырымдылық іс-шарасына қатысушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Елімізде жеткіншектердің сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалғандығын атап өтті. «Сіздер тәуелсіз еліміздің болашағысыздар, сондықтан да өздеріңізге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сол міндетті абыроймен орындап, Қазақстанның атын асқақтататын азаматы болу үшін бірінші кезекте жақсы оқыңыздар!» деді М.Үмбетов.
Сондай-ақ, «Іргетас – құрылыс-2» жетекшісі Ә.Сәрсенов «Осындай игілікті іс-шаралар оқушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың білім алуға деген ұмтылысын да арттыра түсетінімізге сеніміміз мол» деді.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат жиынға қатысушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, 37 балаға ең қажетті құрал-жабдықтары бар мектеп сөмкелерімен бірге бүлдіршіндерге шахмат тақтайшасы мен доп табыстады. Ол өсіп келе жатқан ұрпаққа жан-жақты көмек көрсету және қолдау – «Нұр Отан» партиясының ең басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Аз қамтылған отбасы балалары үшін бұл үлкен көмек екені белгілі. Шара соның келген ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп: «Әрбір істеген игі амалдарыңыз сауапқа толы болғай!», — деп алғыстарын жаудырды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.