Еліміздегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды тұрақтандырып, ашық саясат жүргізу мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынып, жобалар жасалуда. Соның бірі – 2015 жылы Тұңғыш Президенттің бастамасымен жарияланған даму жолында туындайтын мәселелерді шешу жолдары көрсетілген «100 нақты қадам» ұлт жоспары. Бүгінде ол бастама кезең-кезеңмен іске асуда. Мәселен, 2020 жылы аталған жоспардың 42-қадамына сәйкес жеке тұлғаның кірістері мен мүлкін бақылау мақсатында жалпыға бірдей декларациялау жүйесі енгізілген еді.
Декларация тапсырған кезде жеке тұлға өз атына тіркелген барлық жылжымайтын немесе жылжитын мүліктердің тиісті тіркеу деректерін (реквизиттерін) көрсетеді. Оған жердің кадастрлық нөмірі, орналасқан мекен-жайы, автокөліктің маркасы, vin-коды, қозғалтқыш көлемі, мемлекеттік нөмірі, банктегі қаражат сомасы немесе қолдағы қаражаты, иелігіндегі жеке мүлкі мен шетелдегі мүлкі, заңды тұлғаларға қатысты құрылтайшы болуы немесе қатысу үлесі сияқты деректер толтыруға жатады. Бұл жаңашылдық алдағы уақытта елімізде орын алып жатқан көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл жүргізу үшін жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін тиімді бақылау жүйесін құру мақсатында жасалған.
Салық кодексіндегі өзгерістерге сәйкес, салықтық декларацияны шет елде білім алып жүрген қазақстандықтар, өзге елден оралған қандастар және Қазақстанда тұруға ықтияр хаты бар азаматтар тапсыруда. Жалпыға бірдей декларация 2021 жылдан бері жүзеге асып келеді. Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы тұрғындарды активтер мен өзге де мүлікке қатысты деректерді кешіктірмей өткізу қажеттігін ескертеді. Айтулы құжатты ескертуден кейін де тапсырмағандар айыппұл арқалайтын болады. Жоғарыда аталған басқарманың салық төлеушілерімен жұмыс бөлімінің бас маманы Нұрай Атейованың айтуынша, Қарасай ауданы бойынша «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы» 250 нысанды 2021 жылы – 4287 тұлға, 2023 жылы – 24 984 тұлға тапсырған. Ал биыл 2024 жылы бұл нысанды 44 916 тұлға тапсыруы қажет.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, «Салық туралы» кодексінде көрсетілгендей, жалпыға бірдей декларациялау төрт кезең арқылы жүзеге асырылады. Оның алғашқы кезеңінде, яғни 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайларына, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оларға теңестірілген азаматтар мен олардың жұбайларына декларация тапсырды. Екінші кезеңде мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларация тапсырды. Оларға мектеп, балабақша, аурухана, қызметкерлері, яғни бюджет есебінен жалақы алатын барлық қызметкер жатады. Сонымен қатар АҚ, ЖШС, оның ішінде құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болатын ұлттық холдингтер де декларациялаудың екінші кезеңіне кірді. Үшінші кезең ағымды жылдың 1 қаңтарында басталды. Бұл уақыттан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыра бастайды. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан басталатын соңғы төртінші кезеңде халықтың қалған санаттарының барлығы жалпыға бірдей декларация тапсыруға толықтай көшеді.
Төрт кезеңде барлық жеке тұлға ең алғаш «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияны (250.00-нысанын) тапсырады. «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларациядан кейін, келесі жылдары «Кірістері мен мүлкі туралы» декларацияны (270.00-нысаны) тапсыруға міндеттеледі. Яғни 250-нысанды декларация – бұл бастапқы декларация. Иелігіңізде бар барлық мүлік пен ақша осы декларацияға бекітілуі керек. Бұл мәліметтердің бәрі кейіннен қажет болады. Мәселен, ертең автокөлік сатып алғанда мемлекет: «Қандай ақшаға сатып алдыңыз, оны қайдан алдыңыз?» – деп сұрайды. Егер Сіз қазір растайтын болсаңыз, яғни Сізде бірінші декларацияны тапсыру кезінде осындай сомаға мүлік тіркелген болса, онда Сіз бұл ақшаның қайдан келгенін дәлелдей аласыз. Егер ақшаның қайдан келгенін дәлелдей алмаса, онда соманың 10 % төлеуге тура келеді. 250-нысанның декларациясы жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген күнге барлық активтер мен міндеттемелерді тіркеуге арналған болса, 270-нысанның декларациясында өткен күнтізбелік жылдың мәліметтерін көрсету қажет. Онда өткен жылы не сатып алынғанын және не иеліктен шығарылғанын көрсету маңызды.
Оны азаматтар тұрғылықты жері бойынша қағаз түрінде және электронды түрде ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсыру керек. Электронды түрде тапсырған жағдайда – Декларацияны Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталындағы «салық төлеуші кабинеті» (cabinet.kgd.gov.kz) арқылы, сондай-ақ «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) және e- SalyqАzamat мобильді қосымшасы арқылы тапсыра алады. Ал қағаз түрінде тапсырған жағдайда тұрғылықты жері бойынша салық басқармасына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе пошта арқылы жіберіп тапсыра алады.
Декларацияны тапсырмаған азамат заңға сәйкес жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді. Нақтырақ айқанда, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 272-бабына сәйкес: Мемлекеттік кірістер басқармасына салық есептілігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту беріледі. Ал егер бір жыл ішінде құқықбұзушылық тағы қайталанса 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.