Жуырда «Анаға құрмет» музейінде Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, «Адам.Дәуір.Медицина» журналының бас редакторы, аталмыш мұражайдың ғылыми кеңесшісі Аршагүл Тойбайдың «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көрген «Даланың дана арулары» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Оқырманға жол тартып отырған бұл жаңа жинақ аты айтып тұрғандай, Ұлы даланы мекен еткен ежелгі халқымыздың сонау алыс ғасырлар тұңғиығынан бергі әр кезеңде өмір сүріп, түрлі қоғамдық құрылыстардың дамуына әсер еткен біртуар арулар жөнінде сыр шертеді. Автор тақырыбын дәйектеу үшің кәрі тарих қойнауына өзіндік зерттеу жүргізген. Сөйтіп, өткен шақтағы түрлі тарихи сәттерде ел билеудегі әділдігімен, жерін қорғаудағы ерлік істерімен танылып, есімдері аңызға айналған қыз-келіншектер жайында Аршагүл Серікқызы оқырмандарға қызықты етіп әңгімелейді. Бір сөзбен айтқанда, кітапқа енген әрбір мақала, сюжеттен – ақыл-парасаттың лебі еседі, бүгінде тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған халқымыздың қайтпас қажыр-қайраты мен өшпес рухы, асыл мұраттары шалқып тұр.
Осы жиында атақты әйелдерге арналған автордың кітабының салтанатты лентасын «Анаға құрмет» музейінің негізін қалаушы Бақыт Шпекбаева мен Назымхан апа кесті. Назымхан апа да тарихта өшпестей аты қалған арулардың өміріндегі мұрағаттарын жинақтауға септігін тигізіп жүр. Тіпті, ауданымыздағы аналарға арналған мұражайдың іргетасы қаланып жатқан кезінде қосқаным, деп бір жылдық зейнетақысы мен түрлі эспонаттарды берген екен. Бұл кітаптың тұсаукесері осындай ардақты аналардың қолданған бұйымдары жинақталған мұражайда кесілуінің өзі де жақсы нышан белгісіндей болды. Айта кетерлігі, бұл жинақ мемлекеттік тапсырыспен 5000 таралыммен басылып шығып, қазіргі таңда республика бойынша 14 облыстың орталық кітапханаларына жіберіледі екен. Әр өлкенің жас өрендері кітап ордасынан барып, дана арулардың тарихынан сыр шертетін энциклопедия іспеттес басылымды оқуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, басқосуға жинақтың шығуына атсалысқан «Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас редакторы Жадыра Тойбаева, орынбасары Нұрымжан Мауытов, республикалық тәуелсіз «Ақ босаға» газетінің бас редакторы Шолпан Ұғыбайқызы қатысып, құттықтауларын білдірді. Ал, кітапқа пікір жазған жазушылар – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, В.Пикуль атындағы Халықаралық сыйлық лауреаты Кәмила Құдабаева мен тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев ізгі тілектерін білдіріп, қаламгердің осы кітапты жазуына не себеп болғанын тілге тиек етті. Айтуларынша, 1990 жылдары Аршагүл Тойбайқызы «Алып анадан туады» атты бірнеше телехабар дайындаған. Соларды әзірлеу барысында ол қазақтың белгілі жазушылары – Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжан, Қалтай Мұхамеджанов, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғара, қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов және басқа тұлғалармен жүздесіп, сұхбаттасын көп ғибрат алған. Ана туралы алғашқы хабар циклдарын жүргізген. Міне, сондай сәттер оған қазақ әйелдері, аналарының ішінде ел аузына іліккен данагөй, ақыл парасаты мен күш-жігері мол, ерге тірек, елге пана бола алатын алыптардың барын, соларды көпшілікке көрсетіп, айтып мерейін тасытудың маңызы барын ұққан. Олардың көбі ел аузында, әр жерде анда-санда бір айтылып қалатын. Ал, мынандай етіп биікке тізіп, әдемілеп, әспеттеп көрсету қандай! Сондықтан бұл кітапты жинақтауға отыз жылдай уақыт кетіпті.
Осыған дейін түрлі қызметтерінің нәтижесінде қоғам қайраткері ретінде танылса, енді, міне, аталмыш жинақ арқылы ол өзін тарихтағы әйелдер бейнесін жаңғыртуға елеулі үлес қосып келе жатқан зерттеуші-қаламгер ретінде де көрсетін отыр. «Даланың дана арулары» оқырманның көз алдына Ұлы Даланың кең байтақ төсінде сонау бағзы заманнан бергі қилы кезеңдерде ерен ерліктерімен, парасат-пайымымен, даналығымен халық жадында мәңгі сақталған батыр қыздарының, қадірменді аналардың бейнесін әкеледі. Кітаппен танысу арқылы оқырман қауымның өзіне зор мағұлмат алып, ұлттық сананың өсуіне, тәуелсіздігіміздің баянды болуына пайдалы тарихи мәліметтерге қанығатынына күмән жоқ.
Бұрым ОРЫНБАСАР.