Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіз еліміздің жарқын болашағын айқындап берген бағдарламаның бірі болды. Мақаладан Президенттің Елбасымыздың алысты болжай білетін көрегендігі, сындарлы саясаткерлігі көрінеді. Ел дамуының барлық саласында қазіргі кезде рухани сілкініс керек болып тұр,ұлттық сана -сезімді жаңғырту қажеттігі туындап отыр.Біз барлық ынта-жігерімізді осындай игілікті іске бағыттаймыз. Егеменді еліміздің болашағы бүгінгі мектеп партасында отырған жас ұрпақ екені белгілі. Біз, педагогтар, жас ұрпақтың жан-жақты дамыған, рухани жағынан бай, бәсекеге қабілетті тұлға болып жетілуіне жауаптымыз. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерде адал еңбегімен танылған тұлғалар, қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының майталмандарымен кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімнің, адалдық, еңбекқорлық қасиеттерінің қалыптасуына зор ықпал етеді.
Қазақ тілі – ана тіліміз, сонымен қатар мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Президентіміз әр жылғы Жолдауларында мемлекеттік тілдің дамуына, қолданыс аясының кеңеюіне ерекше көңіл бөліп келеді. Ал, жаһандану кезеңінде ана тіліміздің латын әліпбиіне көшуі игі бастама, айрықша құптауға тұрарлық мәселе. Бұл өз кезегінде бастауыш сынып мұғалімдеріне жауапкершілік жүктейді.
Елбасымыз өзінің «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Шынында да, әр адамға туған жері көзіне ыстық көрінеді. Бұл халық даналығында да көрініс тапқан: «Туған жердей жер болмас,туған елдей ел болмас», «Туған жерге туың тік», «Әркімге өз туған жері – Мысыр шаһары». Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге деген сүйіспеншілікке ұласады да, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімнің ұлғаюына алып келеді. Мысалы, ана тілі сабағында «Туған жер» тақырыбына эссе жаздырғанымда,оқушылар өз ойларын ықыласпен жеткізе білді.
Жалпы, рухани жаңғыруды әркім өзінен бастау қажет. Ал, рухани жаңғыру дегеніміз бір жағынан – адалдық, әділдік, ішкі жан тазалығы!
Жадыра НИЯЗЫМБЕТОВА,
Шамалған бекетіндегі жаңа қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.