Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның құрылғанына 50 жыл толды. Жарты ғасырлық дүбірлі той Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияның концерт залында тойланды. Өнердің киелі шаңырағы Дінмұхамед Қонаевтың тікелей бастамасымен 1973 жылы құрылған еді. 1990 жылы халық ақыны Сүйінбай Аронұлының есімі берілді.
Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген ұжымға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты табысталды. Талай өнерпаздың еңбегі еленіп мерейтойда марапатқа ие болды.
Мерейтойлық өнердің алтын ұясы кешінің шымылдығы «Қобыз сарыны» фольклорлық-этнографиялық және «Алтынай» би ансамбльдері ашты. Салтанат алғыс, құттықтаулар легімен жалғасты. Президенттің Алғысын жеткізуге бас қаладан Мемлекет басшысының кеңесшісі бірі Мәлік Отарбаев арнайы келіпті. Алғыс хатты филормонияның директоры Данияр Құрамысовтың қолына табыстады. Онда: «Сахна төрінде жемісті еңбек етіп, отандық ән және күй мектебінің үздік үлгілерін сақтап, көрерменге әрдайым алуан түрлі мазмұнды репертуар ұсынып, толассыз шығармашылық ізденіс пен жоғары кәсіби орындау шеберлігін паш ететін қызметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Мәдениет саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан филармония ұжымын 50 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, өнер жолында сарқылмас шабыт, таусылмас табыс тілеймін», – делінген.
Келесі кезекте аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын жеткізу үшін сөз облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымға берілді.
– Еліміздің мәдениетін сақтап, дәстүрлі өнерімізді ұлықтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы орайда филармония ұжымы тынбай еңбек етіп, ұлттық өнеріміздің туын жоғары ұстап келесіздер. Алдағы уақытта да өнер ұжымының береке-бірлігі артып, ел мәдениетінің өсуі жолында еселі еңбек ете беріңіздер, – дей келе, филармонияның бірқатар қызметкеріне Алматы облысы әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан сөз алған вице-министр Арман Жүдебаев филармонияның тарихы тереңде жатқанын, киелі шаңырақтан талай өнер майталманы шығып, руханиятымыз бен мәдениетімізге ерекше үлес қосқанын айтты. Бүгінде талмай еңбектеніп жүрген филармония директорының орынбасары Әсем Айнақұлды, «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің аспапшы әртістері Жанар Бөлегенова мен Алма Кішікбаеваны «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ, бірқатар өнер иелеріне министрліктің Алғыс хатын табыстады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан да бұл күні өңір жұртшылығының ортасынан табылды.
– «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді. Кезінде еліміздің белгілі өнер майталмандары Алтынбек Қоразбаев, Нағима Есқалиева, Мәдина Ералиева, Мейрамбек Беспаевтар осы филармонияда еңбек етсе, бүгінде талантты жас буын ағалары мен әпкелерінің жолын қуып, өнер жолын жалғауда. Ұлттың өнері ұлы болмай, өзі де ұлы болмайды. Филармония кезінде Дінмұхамед Ахметұлының тілелей басшылығымен құрылса, мұндағы этнографиялық ансамбльдердің ашылуына Өзбекәлі Жәнібеков атамыздың өзі ұйытқы болған. Осындай киелі шаңырақта еңбек етіп, бүгінгі өнерді келешекке сүйреп келе жатқан, қазақтың ән-күйін алыс-жақын шетелдерге насихаттап, кәсіби деңгейге көтеріп жүрген филармонияның ұжымына алғыс айтамын, – деді халық қалаулысы.
Кештің құрметті қонағы, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың құттықтауын оның орынбасары Санжар Мүләзімоғлы жеткізіп, бірқатар өнер майталмандарына Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгісін тапсырды. Бұл қатарда «Ақжауын» камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі, күйші-композитор Секен Тұрысбек, әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ұлжан Айнақұлова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қанат Құдайбергенов, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің бас балетмейстері Ғазиза Әбдиева, ҚР Мәдениет қайраткері Өмірқұл Айниязов, «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Марат Бердіғұлов, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының директоры Данияр Құрамысов бар.
Марапаттау шарасынан соң ән-күйге орын берілді. Кезегімен сахнаға шыққан «Сазген», «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері филармония сарайын әсем сазға бөлесе, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі әр шығарманың әрін кіргізіп, жаңаша ізденістегі қойылымдарын паш етті.Секен Тұрысбеков жетекшілік ететін «Ақжауын» камералық оркестрі де көрермендерін күй қанатында қалықтатса, күйшінің өзі «Көңіл толқыны» күйін жүректерге жеткізе орындап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Дарынды күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожа «Көшпенділер» күйімен көпшіліктің рухын көтерді.
Филармония әншілері Бибігүл Қилымхан, Мәдина Әліпбекова, Кенжекей Ақжолова кезінде өнер ұжымында қызмет еткен, қазақтың «Ақбаяны» атанған Мәдина Ералиеваның әндерінен попурри шырқап, тыңдармандарын тебірентті.
Ұзақ жыл филармонияда еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер қыздары Салтанатпен «Сырғалым» әнін жаңа лепте шырқап, көрерменін қуантты. Өмірқұл Айниязов, Гүлнұр Оразымбетова, Шәбә Әденқұл сынды филармонияда қызмет етіп жүрген әншілер де өнерлерін жаңаша ізденісте ортаға салып, көпшілік ықыласына бөленді. Өнер ұжымының қатарын толықтырған Мұса Сапарәлі, Азиза Әбілбашар, Қуаныш Шәкіров, Бағдат Сейіт, Медет Орынбаев, Балауса Самырыққызы, Әділ Ахметжан, Қажымұрат Шешенқұлұлы, Сырым Жазылбек, Айбек Жекенов, Нұрбол Сәдуақасов сынды әншілер жаңа әндермен қатар, халық туындыларын, қазақ композиторларының шығармаларын қайта өңдеп, сахна төріне шығарып, өнерсүйер қауымның алғысын алды. Бұлардың бәрі де халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүрген талантты жастар.
Концертті филармонияда ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан күміскөмей, жезтаңдай әнші Ұлжан Айнақұлова Жамбыл ақынның сөзіне жазылған Жолдасхан Құрамысовтың «Менің пірім – Сүйінбай» әнімен қорытындылады.
Кеш соңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы облысы әкімдігінің атынан ықылас гүлі тарту етілді.
Өз тілшіміз.
Алматы облысы.