Қаскелең қаласында орналасқан «Дәстүр» балабақшасы – халқымыздың ұлттық құндылықтарын, дәстүрін дәріптеуді негізгі бағыт етіп, салт пен білімді үйлестіріп отырған мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің бірі. Аты айтып тұрғандай аталмыш балабақша салт-дәстүрді насихаттауды жолға қойып, жүргізілетін сабақ жоспарын соған сай жасаған.
Ерекше үлгіде, заманауи талапқа сай салынған мектепке дейінгі білім беру мекемесі ауданымызда 2016 жылы ашылып, жас ұрпақты талапқа сай ұлтжанды, ел мақтанышы етіп тәрбиелеу бағытында еңбектеніп келеді.
– Жалпы «Дәстүр» балабақшасының негізгі қағидасы – дәстүрлі тәрбие, сапалы білім. Яғни, мекемеміздің аты айтып тұрғандай біз балалардың заман талабына сай тәрбиеленіп, білім мен өнерді қатар алуына жұмыс жасаймыз. Бүлдіршіндеріміздің жан-жақты, қабілетті болып өсуіне көмек көрсетіп, олардың саналарына ұлттық құндылық пен дәстүрімізді, ана тіліміздің маңыздылығын сіңіріп отырамыз. Бүгінгі таңда Қаскелең қаласы бойынша екі балабақшамыз бар. Біреуі 2016 жылы ашылған «Дәстүр» балабақшамыз болса, екіншісі 2023 жылы ашылған «Дәстүр-1» балабақшасы. Қазіргі уақытта оның құжаттары дайындалуда.
Ал жалпы айтар болсақ, біздің бөбекжайымыздың бес филиалы бар. Ең алғашқысы 2012 жылы Алматы қаласында ашылған болатын. Қазір Алматыда үш балабақша орналасқан, – дейді «Дәстүр» балабақшасының Қарасай ауданы бойынша филиалының директоры Тоқтарбек Қалиев.
Балаларды екі жастан бастап қабылдайтын бөбекжайда бүгінде жас ерекшелігіне қарай жалпы төрт топ жұмыс істейді. Олардың барлығына да қазақ тілінде білім беріледі.
Ұжымына келетін болсақ, балдырғандарды өнегелі тәлім-тәрбиеге бейімдеп, өнерге баулып жүрген тәжірибелі төрт тәрбиеші мен олардың көмекшілері, би үйрететін хореограф, жаттықтырушылар бар. Сондай-ақ ұжымда тілі жетік шықпаған балалардың дамуымен айналысатын логопед-дефектолог және таңертең балаларды тексеріп, оқыс жағдайда алғашқы көмек көрсететін медбике қызмет атқарады.
Білім мекемесі заманауи талаптарға сәйкес әдістемелік, материалдық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Одан бөлек бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына барынша жағдай жасалған. Әр топта жас ерекшелігіне сәйкес оқу құралдарымен дидактикалық, сенсорикалық, қол ұсақ моторикасын дамытатын құрастырғыш ойыншықтар қойылған. Жатын бөлмелер, балалардың таза ауамен демалып, далада емін-еркін ойнауына стандартқа сай жабықталған сыртқы алаң да бар.
Өзге мектепке дейінгі білім беру мекемелері секілді «Дәстүр» балабақшасының да негізгі міндеті – дені сау, жан-жақты, білімі мен тәрбиесі қалыптасқан балаларды өсіру. Мұндағы ұжым сол мақсатты орындау жолында қажырлы еңбек ету үстінде. Тал бесіктен басталатын бала тәрбиесін бүгінгі заман талабына сай жетілдіру мақсатында бөбекжайда бастапқы білім беру сабақтарынан бөлек жоспарға сай өзін-өзі тану, музыка, би, спорт сабақтары да өткізіліп отырады. Алдағы уақытта қосымша балаларға арналған «каратэ» үйірмесін ашу жоспарланған.
Дарынды да шабытты, білімді де ақылды бала тәрбиелеп жүрген бұл бөбекжайдың педагог мамандары өздерінің біліктілігін әрдайым жетілдіріп отырады. Соның арқасында тәрбиешілер ойлау қабілетін дамытатын түрлі қызықты ойындарды ойластырып, ақпаратты жеңіл жеткізу жолында жаңа әдістер қолданады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, балабақшаның бағыты қазақи білім беру болғандықтан сабақтардан бөлек әр аптаның жұмасы «Ұлттық» күн деп жарияланған. Яғни бұл күні балабақша қызметкерлері, бүлдіршіндер ұлттық киім үлгісінде киінеді. Осылайша барлық топ бойынша ұлттық құндылықтар насихатталады. Балалардың ұсақ моторикасы мен ойлау қабілетін дамытып жылдамдық пен ептілікке баулитын қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, танымдық сайыстар да ұйымдастырылады. Тіпті, бұл күні дастарханнан тек қазақтың ұлттық тағамдарын ғана байқауға болады.
«Дәстүр» бөбекжайының тағы бір ерекшелігі ол тағамға ерекше ден қойылғаны. Нақтырақ айтқанда, балабақшада берілетін тамақтардың барлығы тек адал еттен ғана дайындалады. Тауық немесе шұжық секілді өнімдер балаларға берілмейді. Ең қызығы әр астан кейін салтымызға сай бүлдіршіндер бата беріп, ас қайырады.
Балабақшаның дамуына үлкен үлесін қосып жүрген меңгерушісі Айнұр Абдешова бастаған ұжым креативті ойлайтын, өз ісінің мамандары болғандықтан, мүмкіндігінше облыстық, аудандық, балабақшаішілік түрлі оқу-тәрбиелік олимпиада, шара-сайыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетуде. Мәселен, Абай оқулары, Мұқағали оқулары, көркем сурет, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «STAR FEST» байқауларында жүлделі орындарды иеленген. Бұған қоса таяуда балабақшаның өнерлі бүрдіршіндері биден республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанған.
Егемен еліміздің мәңгілік болып, қазақ елінің мәңгі жасауы және «қазақ» атауының ешқашан өз тұғырынан түспеуі болашақ ұрпақтың қолында. Ал болашақ ұрпақтың бойынша ұлтжандылық қасиеттін тәрбиелеуде балабақшалардың рөлі зор. Олай болса осы бағытты ұстанып, ел келешегі деп сеніммен қарап отырған бүлдіршіндерге отансүйгіштік, еңбекқорлық, ержүректік сияқты қасиеттерді бойларына сіңіру арқылы, намысшыл ұрпақ тәрбиелеу үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан «Дәстүр» балабақшасының жұмысын атап өтпеу мүмкін емес.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.