Жалпы медицина саласында дәрігер мен медбикенің өз қызметі, өз жұмысы бар болғанымен, түптеп келгенде екеуі бір бағытта жұмыс істейтіні белгілі. Бүгінде арбаның қос дөңгелі секілді дәрігермен қатар жүріп, жұмысын атқаратын медбикелердің денсаулық саласында көтерер жүгі мен атқарар қызметі шаш етектен. Әр заманда әруақытта аталған маман иелері денсаулық сақтау ісінің ажырамас бір бөлігі болып келеді.
Осы жауапкершілігі жоғары мамандықты таңдап, 30 жыл аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінің аға медбикесі Майгүл Абықасова. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп отырған сала қызметкері – бүгінде басшылық пен әріптестерінің құрметіне ие болған абыройлы жан.
Кейіпкеріміздің өзі жайлы айтып өтетін болсақ, Майгүл Сатанқызы – Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылының тумасы. 1972 жылы дүние есігін ашқан ол – аталған аудандағы біраз жылдық тарихы бар Сұраншы Сауранбаев (бұрынғы В.И.Ленин) атындағы орта мектептің түлегі. Жалпы Майгүл Абықасованың ақ желеңді абзал жан болып қалыптасуына оның кішкентай кезінде сыр берген әлсіз денсаулығы себеп болған.
– Бізде қазақта мүшел жас қиын кезең дейді ғой. Сол рас болар, 13 жасқа толғанымда денсаулығым сыр беріп, жүрегім ауыра бастады. Ата-анаммен біраз уақыт ауруханалардың табалдырығын тоздырдық. Сол кездері ем алып жүріп, ауруханамен және медицина қызметкерлерінің жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдым. Баламыз ғой, дәрігерлердің жұмысын көріп, өзім де есейгенде осы саланы тандап, ақ халаттылардың қатарына қосылғым келді. Мектептен кейін оқу орнын тандар кезде: «Қыз бала үшін ол не керек?», – деп кейбір туыстарым медицинаға түсуіме қарсы болды. Алайда бала арманынды орындағым келгендіктен, ешкімге дес бермей, елдің сөзіне қарамай, әкемнің қолдауымен Алматы қаласындағы училищеге оқуға түстім.
Бүгінде сол шешіміме еш өкінбеймін. Қызығы мен қиындығы мол бұл мамандық өзіме ұнайды, осы уақытқа дейін талай жақсы адамдармен әріптес атанып, жұмыс істедім, – дейді ол.
Сөйтіп, орта білім ұясынан ұшып шыққаннан кейін бойжеткен Алматы қаласындағы Республикалық медициналық училищеге оқуға түсіп, «медбике» мамандығын алып шыққан. 1993 жылы қолына дипломын алған кезде жұбайы Орынбасар Жұмановпен отау құрып, Қарасай ауданына келін болып түскен. Тұрмысқа шықса да жас келін өз мамандығының иесі атанғысы келіп, дәл сол жылы аудандағы Қарасай аудандық орталық ауруханасының терапия бөліміне медбике болып жұмысқа орналасқан.
Бұл тұста терапия бөлімінің басшысы ретінде өз ісіне мығым, білікті Бекжанова Эльмира Сералықызы болған. Ал мейірбикелерге жауап беретін аға медбике болып темірдей тәртіпті сүйетін, өзі ерінбей еңбек ететін, тапсырманың орындалуын қатаң талап ететін тәжірибелі Иванова Нина Васильевна жұмыс істеген. Жалындаған жас маман осындай басшылардың қол астында біраз жыл жұмыс істеп жүріп, олардан үлгі алып, мол тәжірибе жинаған. Сол жерде жүріп, инемен дәрі егуді, аурулардың түрлерін айыруды, алғашқы көмек көрсетуді, науқастармен тіл табысуды және ең бастысы төзімді болуды үйренеді.
30 жыл аралығында ол аталған аурухананың терапия, неврология, перзентхана, травматология, зертхана және қабылдау бөлімдерінде медбике, аға медбике және маман болып қызмет еткен. Сонымен қатар ауруханадағы жұмыспен бірге жеті жылға жуық уақыт аудандағы Қаскелең қаласындағы «Аяжан Қарасай» атты медициналық колледжде студенттерге кешкі уақытта сабақ берген.
Бұдан бөлек ол жұмыс жасап жүріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, Жоғарғы академиялық бакалавриат оқу орындарында оқып, білім дәрежелерін жоғарғы деңгейде толықтырған.
Осынша жылдық тәжірибесі бар Майгүлдің еңбек жолы осы салада жүрген көптеген жас маманға үлгі десек артық айтқандық болмас. Медицина училищесін бітіріп, жұмысқа түскеннен бастап осы кезге дейін қызметтес болған барша басшыларымен, әріптестерімен тек қана сыйластықта, ауызбірлікте болып өзін жақсы жағынан ғана көрсете білген. Бүгінде кімнен сұрасаңда ол жайлы барлығы да кез келген кезде туындаған мәселенің шешімін таба алатын өз ісінің маманы, әрдайым әріптестеріне көмек қолын созуға дайын қайсар мінезді адам ретінде сипаттайды. Бұл кейіпкеріміздің жақсы мінезінің және де ата-анадан алған жақсы тәрбиесі мен тәлімінің арқасы болса керек. Сондай-ақ еңбек жолында өзінен үлкен аға буын дәрігерлерден алған, үйренген ізгі істері де септігін тигізгені айдан анық. Олардың қатарында София Садыкова, Эльмира Сералықызы, Нина Васильевна секілді тәжірибелі мамандардың есімдері ол үшін үлкен өмір мектебі іспетті болған.
– Олар маған дұрыс бағыт көрсетіп, мінезімнің қалыптасуына үлкен үлестерін қосты. Соның арқасында бүгінде өз орнымды тауып, өз мамандығымда абыройлы еңбек етіп келемін. Сондықтан да қанша жыл өтсе де осы кісілерге айтар алғысым шексіз, – дейді Майгүл алғашқы жұмыс жолындағы ұстаздарын еске алып.
Өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарап, уақытпен санаспай, еңбектің тайқазанында ысылған жоғарғы санатты аға мейірбикенің басты міндеті – қол астындағы медбикелерге бас көз болып, олардың жұмысына тиянақты қарап, науқастармен дұрыс жұмыс жасауына бағыттау. Бүгінде аға мейірбике болып отырған Майгүл өзі де алғашқы еңбек жолын медбике ретінде бастап, сол бағытта 10 жыл еңбек еткендіктен, негізгі міндетінен бөлек жас мамандардың тәрбиесіне үлкен мән беріп, өмірден, жұмыстан біліп түйген оларға үйретуге барынша көңіл бөледі екен.
– Жалпы бұл салада кез келген адам жұмыс істей алмайды. Медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Ең бастысы, өз ісіңді жақсы көріп қана қоймай, төзімді болуың да керек. Дәрігердің сенімді серігіне айналып, емделушілерге емшара жасау кезінде мейіргерлік көмек көрсетуде алдына жан салмау керек. Еңбек жолында әртүрлі қызықтар да, қиындықтар да кездеседі. Күнделікті көптеген науқастармен кездесіп, түрлі деңгейлі жарақаттарды емдеп, адамның өмірге келгенімен қатар өмірден өтіп жатқанын көресің. Сырқаттың дәрі-дәрмегін уақтылы беріп, ем қабылдау барысын, төсек-орнын, ас-ауқатын, жалпы, халін бақылап отыру қажет. Соның бәріне шыдауың тиіс.
10 жыл медбике болып істегендіктен, бұл саланың қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін. Әсіре оқуын бітіріп, енді ғана жұмысқа орналасқан жас мамандар үшін екі есе қиын болып көрінеді. Біздер былай айтқанда «воспитанники старой школы» болғандықтан, біраз заттарға төзімділікпен қарап, қиындықтарға шыдап, мінезімізді керек жерде ғана көрсетуді білдік. Қазіргі жастар ондай емес. Олардың көзқарастары біздікінен бөлек. Сондықтан өзімнің өмірден, жұмыстан көрген-түйгенімді жастарға әрдайым ақыл-кеңесімді беріп, қажет кезде көмектесуге тырысамын, – деді тәжірибесі мол аға мейірбике.
Расымен де, қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, медбикелер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті қажет етеді. Бүгінде ол Зульфикаров Эркин Мусаханұлы басқарып отырған қабылдау бөлімінде қызмет етіп жүр. Бұл ауруханадағы ең үлкен бөлім болып саналады. Мұнда 115 қызметкер жұмыс істесе, оның 60-ы мейірбике. Майгүл аға медбике ретінде осындағы орта және кіші медицина қызметкерлерінің өз міндеттерін орындауын бақылайды. Әрбір қызметкермен кәсіби тұрғыда жеке жұмыс жүргізіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Сонымен қатар түрлі құжаттарды жүргізіп, дәрігерлермен жұмыс істеп, өзі жетекшілік ететін медбикелер мен тазалықшылардың міндеттерін реттеумен айналысады. Оған қоса тәжірибелі аға медбике бөлімге келген жас мамандарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп, арасында өзінің кәсіби деңгейін көтеріп отырады.
Жалпы көптеген бойжеткеннің арманы өмірде өз орнын тауып, қойған мақсатына жетіп, отбасы құру болып табылады. Біздің кейіпкеріміздің жеке өмірінде де бәрі жақсы. Алла тағала тілегін қабыл еткендей бүгінде ол – отбасының берекесін ұйытып, балаларын өсіріп, жарының да қас-қабағын бағып отырған ардақты жан, аяулы ана. Отағасы Орынбасар Жұмановпен бірге екі ұлды тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Алматы қаласында фармацевтикалық компанияда жұмыс істесе, кіші ұлы жастайынан IT саласына қызығушылық танытып, Қаскелең қаласындағы колледжде білім алуда.
Білікті, жан-жақты адам қашанда айналасындағылардың тілін тауып, жылы шырай танытады, қолынан келген көмегін аянып қалмайды. Кейіпкеріміз де дәл сондай жанның бірі. Жұмыста да, үйде де ауызбіршілікті, бірлікті алдыңғы орынға қояды. Олай болса мейірбан жүректі аға медбике Майгүл Сатанқызын алда келе жатқан медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтап, алдағы уақытта да абыройы асқақтап, мерейі үстем болуын тілейміз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.