Мектеп бітіруші түлектердің 11 жыл бойы жиған білімдерін сынайтын сәттері де жақындап қалды. Алдарында үлкен асу болып ҰБТ тұр. Осы жылы оқушылар мен талапкерлерге тест тапсыру бағытында бірнеше өзгерістер енгізілген. Атап айтсақ, ҰБТ тапсыру уақыты 30 минутқа қысқарған, яғни бұрын талапкерлерге 4 сағат (240 минут) берілген болса, қазіргі уақытта 3 сағат 30 минут (210 минут) бөлінеді. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Уақыт жағынан өзгеріс енгізілуінің басты себебі «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқаруында болып тұр. Осы бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы.
Осындай өзгерістерге толы білім деңгейін көрсететін сынақ тапсырмасы қарасайлық оқушыларға қиындық тудырмасы анық. Өйткені олар жыл басында бір рет тестілейден өткен. Бұл жайында Қарасай аудандық білім бөлімі мәлім етті. Аталмыш мекеменің дерегіне сүйенсек, биыл тест тапсырушы мектеп түлектерінің саны нақтыланған. Олардың саны – 2749. Соның ішінде қаңтар айындағы тестке 1707 оқушы тіркеліп, оның 1692-і сынақ тапсырған. Ал осы наурыз айына 1143 оқушы білім деңгейлерін анықтауға ниетті. Бүгінгі күнге оның ішінде тест тапсырғаны 600 баланы құраған.
Сондай-ақ Қарасай ауданы бойынша жалпы оқушылардың арасында «Алтын белгі» иегері атануға үміттілердің саны 166-ны құрап отыр. Олардың барлығы ағымдағы жылдың қаңтар айында тест тапсырса, осы наурызда тек 82-і ғана сынақтан өткен.
Жоғарыда атап өткен ҰБТ-ның өзгерісіне қатысты Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев пікірі білдіріп, нақты түсіндірді. Айтуынша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ.
– «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.
Сондай-ақ шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер өткен жылдардағыдай ҰБТ-ны екі пән «Қазақстан тарихы» (20 тапсырма, шекті балл – 5) және «Оқу сауаттылығы» (10 тапсырма, шекті балл – 3) бойынша тапсырады. Тапсырмаларды орындау уақыты – 70 минут. Ал шығармашылық емтихандар жоғары оқу орындарында өтеді.
Айта кетейік, 2024 жылы талапкерлер бұрынғыдай ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады. Оның екеуі грант тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік берсе, қалған үшеуі ақылы оқуға арналған. Наурыз айындағы ҰБТ-ға өтініш беру
app.testcenter.kz сайтында 27 ақпан мен 10 наурыз аралығында жүргізілді. Тестілеудің өзі 1-31 наурыз аралығында өтеді. Тестілеуге қатысу құны – 5640 теңге. Тестіленушілер ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестілеу өтетін орнын, күнін және уақытын өз еркілері бойынша таңдайды.
Бұл тестілеуге келесі тұлғалар қатыса алады (ақылы оқуға түсу үшін):
– мектептің 11 (12) сынып оқушылары;
– мектеп және колледждің өткен жылғы түлектері, колледждің ағымдағы жылғы түлектері;
– ЖОО-ға шартты түрде қабылданған студенттер;
– шетелде білім алған түлектер, ҚР азаматы болып табылмайтын, шетелде білім алған ұлты қазақ тұлғалар.
Шұғыла ТЫНЫС.