Дана халқымыз «Өнерлі өрге жүзер» демекші, өнер – адам баласының ең ізгі қасиеттерінің бірі. Бүгінде осындай ізгілікті өзіне серік етіп, ауданымыздың мерейін үстем етіп жүрген жас таланттарымыз баршылық.
Жақында, яғни, 1 маусым күні Алматы қаласының орталық алаңында XXI халықаралық «Бозторғай» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық конкурсы өткен болатын. Оған біздің ауданымыздағы «Қалбибі» өнер студиясының шәкірті, 11 жасар өнерпаз Нұрлыбек Сапарбаев та қатысты. Болашақ жұлдыздарды бала күнінен баулып, кішкентайынан үлкен сахнаға дайындайтын «Бозторғай» байқауында өнер көрсеткен жас талант иесі Қазақстаннан басқа, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Беларуссия секілді елдерден жиналған құрбы-құрдастары арасында өзінің ерекше дауысымен көзге түсті.
Аудандық және облыстық кезеңнен іріктеліп шыққан жас өнерпазымыз байқаудың бірінші күнінде халықтық орындау, вокал және дәстүрлі ән жанры бойынша сынға түсіп, «Молдабай» әнін шырқаса, екінші күнде әлемге танымал француздық туынды – «Парден муар» әнін орындады. Байқаудың қорытындысы бойынша жиналған жұртты әдемі дауысымен баурап алған Нұрлыбек Сапарбай бас жүлдені алды. Гран-приді иеленген жас талантымыз енді, таяуда Беларуссия мемлекетінде өтетін «Славянский базар» байқауына дайындалу үстінде.
90 жылдығын тойлағалы отырған ауданымыздың қуанышын еселеткен жас өнерпазымызды жеңісімен құттықтай отырып, алдағы уақыттарда да үлкен жетістіктер мен толағай табыс тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.