Қарасай ауданына қарасты Алматы-Бішкек тас жолының бойында борышкерлерді жолдан аңдып ұстау шарасы басталды. Жолдағы көліктерді жаппай тоқтатуды бастаған рейдтің негізгі мақсаты – алимент, әкімшілік айыппұл мен салықтан берешегі бар азаматтардан ақша өндіру.
Алматы облысы мен біздің ауданымызға қарасты салықшылар, Алматы облысы әділет департаментінің өкілдері мен сот орындаушылары таңмен таласа тас жолдың бойына шығып, қарызы бар азаматтарды анықтауға кірісті. Бұл рейдте полиция қызметкерлері арлы-берлі зуылдаған көліктерді тоқтатып көмегін тигізсе, қазына кірісін бақылаушылар жүргізушілерді арнайы реестрден тексеруден өткізуді қолға алған болатын. Темір тұлпарды тізгіндеген көптеген жүргізушілер қақпанға түскендей болып, мұндай тексерісті күтпеген болатын. Борышкерлердің бірі уақыттың, енді бірі жұмыстың жоқтығымен өзін ақтады. Алайда, тығырыққа тірелгендерін түсініп, берешектерін бірден жол үстінде төлеген азаматтар да көп болды. Осы рейдті ұйымдастырған мамандардың айтуынша, екі күннің ішінде жауапсыз жандардан 10 миллион теңгеге жуық қаражат өндірілген. Олардың қатарында көбі алимент, әкімшілік айыппұл және салықты уақтылы төлемей, немқұрайлы қарағандар болған. Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ғани Малыбаевтың берген ақпаратына сүйенсек, біздің ауданымыздағы борышкерлердің саны 11854 жеткен. Ал, берешек сомасы 313 млн 125 мың теңгені құрап отыр. Алматы облысы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы Аян Қасымберкебаевтың сөзінше, өңірімізде 2019 жылдың тоғыз айына дейін төрт миллиардқа жуық мемлекет пайдасына қарыз жиналып, оның ішінде 1,5 млрд теңге өндірілген екен. Сондай-ақ, кей борышкерлерге ескерту беріліп, үш-төрт жыл төлемегендердің көлігі айып тұраққа қойылуда. Жалпы, Аян мырза Алматы облысының өзінде мемлекетке қарызы бар азаматтардың саны 100 мыңнан асып жығылғанын айтып, құзырлы орган өкілдері осындай ауқымды шаралар жиі өткізсе, борышкерлердің саны жыл соңына дейін азаятынын да қосымша түсіндіріп өтті.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.