Халықтың сенімді саяси ұйымы ретінде қоғамда өз орнын қалыптастырған «Nur Otan» партиясы биыл ішкі іріктеу сайлауын өткізуді қолға алған болатын. Мұндай жүйелі жұмыс алғаш рет АҚШ саясаткерлерінің тәжірибесінен туындаған «Праймериз» атты ашық таңдау тәсілі арқылы жүзеге асуда. Осы әдісті қолдану мақсатында аталмыш партияның төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қаулы шығарған болатын. Бағыты айқын бастама 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазан аралығында өтеді. Оның негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда лайықты үміткерлерді көшбасшы ретінде таңдау.
Біздің Қарасай ауданынан ресми түрде 84 үміткер ұсынылып, оның 5-і праймеризге қатысудан бас тартты. Сонымен 79 кандидат халық қалаулысы атануға ниетті. Олардың орташа жасы – 43 жас. Бір депутаттық орынға үш адамнан үміткер болуда. Олардың ішінде 4-і ҚР Парламенті Мәжілісіне, 13-і облыстық пен 62-і аудандық мәслихатқа кандидат ретінде ұсынылып отыр.
Барлық 79 үміткер партия ішіндегі іріктеу алдында сайлауалды бағдарламасын таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Енді оларды тек соңғы кезең – 1-3 қазан аралығында өтетін онлайн дауыс беру нәтижесі күтіп тұр. Оны тек партия мүшелері ғана 3 қазан, сағат 14:00-ге дейін primaries.kz сайты мен «Primaries2020» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асыра алады. Ал, учаскелерде дауыс беру 3 қазан, сағат 8:00-де басталып, 14:00-де аяқталады.
Өз тілшіміз.