9 – мамыр Ұлы Жеңіс күні бүкіл дүниежүзі бойынша үлкен мейрам. Әсіресе, бұл мерекені екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпалығын өз мойнымен көтеріп, Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ерекше. Міне,биыл осы адамзат тарихындағы қасіретке толы қанды қырғын – екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанына 74 жыл толғалы отыр. Осыған орай ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде өтетін «Біз – жеңімпаздар ұрпағымыз!» атты акцияның ашылу салтанаты жақында аудандық орталық кітапханада өтті. Оған Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, ауданға қарасты бес колледждің студенттері мен белсенді жастары қатысты.
Шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманова ашып, бүгінгі бейбіт күн үшін майдангерлерге алғыс білдіре отырып, қазіргі таңда ауданымызда 12 ҰОС ардагері, 828 тыл еңбеккері ғана қалғанын тілге тиек етіп, жыл сайын қатарлары сиреп бара жатқан ержүрек майдангерлерге қашанда құрмет көрсету баршамыздың парызымыз екенін айтып өтті.
Сондай-ақ, жиында аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағат Мәсімақынов, сұрапыл соғысты басынан өткеріп, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күнін жақындатқан ата-апаларымызды мақтан тұтып, оларды құрметтеп, әрқашан есімізде сақтаумыз керек екенін әңгімеледі.
–Міне, 1941 жылы басталған сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 74 жыл болды. Сол жылдың маусым айынан бастап қазақ жауынгерлері де Ұлы Отан соғысына аттанып, өзінің батырлығымен, қайсарлығымен көзге түсіп, жеңіске жетуге елеулі үлес қосқан еді. Егер ардагерлеріміздің осы жеңісі болмаса, мүмкін әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан елі да болмас па еді. Сондықтан, Отан үшін жан қиғандарды еске алып, олардың рухтарына бас иіп, тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың мәңгілік парызы болып қала бермек! – деді Сағат Ұлтарақұлы.
Мұнан бөлек, жиында «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, қалалық аналар кеңесінің мүшесі Сәуле Бегалиқызы қан майданда толарсақтан саз кешіп, жанкешті қаһармандығымен ерлік көрсете білгендердің есімдері жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух беретінін атап айтты.
Жиын соңында студенттер мен белсенді жастар қарттарға құрмет көрсетуімен қатар, қаламыздағы ардагерлер, тыл еңбеккерлері, соғыс жесірлері мен жалғыз басты қариялардың үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Жастар жағы осындай игілікті істі қаламен ғана шектелмей, ауданның басқа да аймақтарында жалғастыруда мақсат етіп отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.