Биылғы қыркүйек айында біздің Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газетінің шыға бастағанына 85 жыл толады. Атап айтқанда, оның тұңғыш саны 1933 жылы осы айда жарық көріпті.
Міне, содан бері газетіміз өзіне жүктелген міндеттерге орай, аудан өмірінің анық айнасы ретінде, оқырманға, елге, халыққа қалтықсыз қызмет көрсетіп келеді десек, артық айтпағанымыз.
… Өкінішке орай, алғашқы сандары сақталмапты. Бұл жөнінде зерттеу жүргізіп көрген кісі, кезінде басылымды басқарған, қазақтың тамаша журналистерінің бірі, соғыс және еңбек ардагері, 99 жастағы қадірменді қария Үсенбай ата Тастанбеков («Қалам ұшындағы өмір» кітабы, «Тоғанай Т» баспасы, Алматы, 2015) былай деп айтады: «…Алматы облыстық партия архивінде ғана нақты мәліметтер сақталған. Онда былай деп жазылған: «1933 жылғы қыркүйек».
Қаскелең МТС-і саяси бөлімінің (Бұрынғы Калинин ауданы) жанынан «В бой за социализм» және осы атпен қазақ тілінде – екі газет ұйымдастырылды. Бес күнде бір рет шығады.
Осыдан соң «Саяси бөлімдердің газеттері» деген тақырыппен: «14 Калинин ауданы Қаскелең МТС-і, «В бой за социализм», редакторы Исыксон, аудармашы Бектенов» деп жазылған.
3-ші жазбада: «Алматы облысындағы қазақ газеттерінің тізімі (1935 жылдың басы, ІІ-ай)»:
«8. Қаскелең ауданы «Социалды майдан», редактор қызметін уақытша атқарушы Сасықбаев, тираж 500 дана».
Одан соң арихивтің 49-парағында «Социалды майдан» газетінің редакторы С.Ашықұлов деп көрсетілген. (обл. парт.архив. 8 фонд, 1-жазба, істің 139, 229, 354-беттері)»
Өз тарихында уақыттың талабына сай әрі биліктің ыңғайына қарай газеттің аты бірнеше рет ауыстырылған. Бірақ, қашан, қай кезде де болсын өзінің мынадай басты бағытынан айныған жоқ. Ол – оқырмандарына шынайы хабар, шын ақпарат беру, жақсылықты жедел жеткізіп, жағымды істерді тезірек паш ету, проблемалық мәселелерді ашып көрсету.
Мемлекет пен қоғам өмірінде бұқаралық ақпарат құралдарының орны мен рөлі үлкен. Бұрын да солай болған, бұл күндері де солай. Оның ішінде, әрине, газеттер мен журналдар да бар.
Біздің «Заман жаршысы» газеті де, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның аудандық басылымдарының бірі ретінде, мемлекеттік саясатты жүргізіп, қасиетті Қарасай ауданының бүкіл тыныс-тіршілігін айқын көрсетуде, жақсылықтың жаршысы, халыққа қажетті істердің хабаршысы болып отыр.
Осы нөмірден бастап, 85 жылдық мерейтойымызға байланысты, газет тарихын, онда жарық көрген кейбір қызықты материалдарды, басылымда қызмет істеген адамдардың естеліктерін, көпшіліктің ой-пікірлерін тұрақты жариялайтын боламыз.
Сіздер де газетке деген ұсыныс- тілектеріңізді білдіріңіздер, құрметті оқырмандар!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.