Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстын халқына арнаған Жолдауындағы бірқатар басымды бағыттардың арқасында еліміз бойынша көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Оның ішінде ел-жұртпен етене жақын араласуды көздейтін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да бар. Аталмыш бастаманы ілгерілету аясында өткен аптаның бейсенбісінде «Бірыңғай ұлттық азаматтарды қабылдау күні» жалпыреспубликалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Акцияға аясында еліміз бойынша жергілікті әкімдік пен бірқатар мекеме басшылары халықтың өтінішін тыңдау мақсатында қабылдау өткізді. Оның ішінде, әрине, ауданның әкімі ретінде Жандарбек Далабаев та дәл осы күні азаматтармен жеке мәселелері бойынша әкімдіктің ғимаратында тілдесіп, пікір алмасып, көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал жасады. Жиын барысында Жандарбек Ермекұлы алдымен ауданда атқарылған ауқымды жұмыстарды сөз етіп, алдағы уақытта жүзеге асатын шаруалардың ретіне де тоқталып өтті.
Жалпы, аудан басшысының қабылдауына алдын ала жазылған 148 тұрғынның барлық мәселелері толығымен тыңдалынып, ұсыныстары да ортаға салынды. Көбісі топ болып бір көшенің немесе ауылдастардың атынан да сөйлеп, көптің көңіліндегі ортақ сан сауалдарды да жеткізіп жатты. Оның арасында жер, су, баспана, мал және егін шаруашылығына қатысты, сонымен қатар, әлеуметтік өзекті мәселелер де көтерілді. Мәселен, Қошмамбет ауылының бір топ адамдары жарыққа қатысты мәселе мен қаңғыбас иттердің көптігін сөз етсе, Қаскелең қаласының Қойтас көшесінде орналасқан көршілер қауымы жолға қатысты уәждерін жеткізді. Міне, жұртшылықты алаңдатқан осындай талай сан сауалдардың айналасында бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.
Жалпы айтқанда, қабылдауға жазылған азаматтар тарапынан айтылған көптеген арыз-шағымдар да, өтініштер де, ұсыныстар да толығымен тыңдалғанын айта кеткен жөн. Аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы барлығын сараптап, саралай келе, баршасына орнықты жауабын берді. Кейбір бірқатар мәселелерді өзінің орынбасарлары мен жауапты бөлім басшыларына жүктеп, жақын арада шешім табуын да міндеттеді.
Жиын барысында қабылдауға келген көпшілік қауым аудан әкімінің осы уақытқа дейін атқарған еңбегіне, көптеген іске ықпал еткеніне алғыстарын жеткізіп, ризашылықтарын білдіріп жатты. Өз кезегінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев жақсы бастамалардың реті мұнымен таусылмайтынын айтып, ауданның оң жағдайына барынша ықпал жасайтынын жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.