Осы аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев түске дейін өткен сайлау нәтижесі бойынша, Бірінші Май ауылдық округіне жаңадан тағайындалған жас әкім Елдос Мұқатаевты жұмыс орнына отырғызып, басқаратын аппараты мен ауыл ақсақалдарына таныстырды. Осы жиында алдымен Жандарбек Ермекұлы Елбасының Жарлығына сәйкес, әкімдерді халық қалаулылары дауыс беру арқылы сайлайтынын тілге тиек етіп, Е.Мұқатайұлының өмірі мен еңбек жолы жайында толыққанды мағлұматты оқып берді. Сонымен қатар, жауапты лауазымға ие болып отырған азаматтың өзіне де, ең біріншіден осы ауылдың тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста болу үшін, осы округтің тіршілігін танып, топырағын басып, суын ішуі керектігін, үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдап, халықпен қоян-қолтық араласа отырып, округ ісін алға бастыру қажеттігін ескертті.
Өз кезегінде ауыл ақсақалдары да сөз алып, қарттар жағы әрдайым басшыға қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар, ізгі тілегін ақ бата ретінде жолдап, жас болса да бас болып отырған жаңа әкімге ақсақалдар мол үміт артатындығын айтты.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.