«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің, балалықтың қадірін саналы болғанда білесің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білесің» деген, Абай атамыздың айтқандарын кейін-кейін, өзіміз де сол кісінің жасына жақындағанда түсіне бастадық. «Айға бойымыз жетсе, Күнге қолымыз жетеді» деп, асау аттай ауыздықпен алысып, дүркіреген додаға қойып кетіп, бұзып-жарып шығамыз деп өрекпіген кезіміз де болған. Аптығымыз басылып, арынымыз азайғанда, алашапқын болып айдалада адасып жүргенімізді байқадық. Сонда ғана өлеңді «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деген тоқтамға келдік. Сөйтсек, өлеңді өзіңді дәлелдеу үшін жазудың бәрі бекер екен.
Жасырақ кезімде Абай атама ылғи өкпелеп жүретінмін. Ұрсып жазған өлеңдері мен қара сөздерін оқығанда, атамыз мен жақсы көретін қазақты жек көреді деп ойлаппын. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген мәтелдің мәніне албырттау кезімде бойлай алмаған екенмін. Өкініштісі, Абайға еліктеп ұлтқа ұрысқысы келетін «ұлылар» да бар. «Ақырғанның бәрі арыстан емес, үндемегеннің бәрі данышпан емес» дегендей, көсілгенде, көрпеден аяғымыз шығып кетіп, күлкі болып қаламыз кейде…
Абай, әрине, Құдай да, Пайғамбар да емес. Оны түсінуге болады. Құранның өзін Құдай тағала адамдар түсінетіндей жеңіл етіп түсірген. Ал, біз «Абай шығармалары түпсіз, оған бойлау қайда?» десек, қатты қателесеміз. Рас, мүйізі қарағайдай ғалымдарымыздың кейбірі Абай шығармаларын өмір бойы зерттесе де, ұға алмай кетті. Себебі, шариғаттан хабары шамалы болды. Құран мен хадистен сабақ алғандар атамыздың әр сөзінің төркінін танып, жылы қабылдайды. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!» деген өлең жолының қай кезде, не үшін жазылғаны да толық иман келтірген адамға ап-айқын. «Әуелі аят-хадис сөздің басы» болатыны, ақиқаттың шыңы – Құранның аяттарының бір әрпіне, сосын барып, Пайғамбардың хадистеріне қарсы келіп, діннен шығып кетсең, мәңгілік бақытсыздыққа ұшырауың әбден мүмкін… Ал, басқа адамдардың барлығы, тіпті, ең ақылды, тақуа дегендеріңнің өзі де қателеседі. Олардың қай-қайсысымен де пікір таластырсаң, діннен шықпайсың. Ол жайлы: «Саудагер айтты, бай айты, кім болса мейлі сол айтты, аят-хадис емес қой, күпір болдың демес қой, қанша қарсы келсеңіз» дейді атамыз.
«Патша Құдай, сыйындым, тура баста Өзіңе!» дейді Абай ата. Біз тіршілік еткен Жер шары тұрмақ, бүкіл Күн системасынан миллиардтаған, триллиондаған есе үлкен барша әлемдердің Патшасы – Алла тағалаға толық бағыну – Жәннатқа бастайтын жалғыз ғана жол. Ал, Тозаққа бастайтын шайтанның жолдары көп. Сол соқпақтарға түсіп кетуден қорыққан атамыз жалғыз даңғыл жолға түсіруді өзінің Жаратушысынан сұрауы – заңды нәрсе. Себебі, ол жолға пенде Алланың Мейірімімен ғана жете алады. Өйткені, дүниедегі байлық, сұлулық, денсаулық, мансап, өнер секілді артықшылықтарды Алла тағала сүйген құлына да, сүймеген құлына да бере береді. Ал, иман деген байлықты тек қана сүйген құлына береді.
Ардақты Пайғамбарымыз өзінің үмбеттеріне: «Менің өзіме тиісті ғана бағамды беріңдер. Исаны дәріптейміз деп Құдай деңгейіне көтеріп жіберген христиандар секілді масқара болмаңдар» деп ескерткен.
Ақиқатында, ұлтымыздың төл перзенті Абай – дана да, дара да. «Түйеге мінген қазақтың төрт ауыз өлең білмейтіні» жоқ. Абайдың ерекшелігі ақындығында емес, «Мыңмен жалғыз алысып» шырылдаған ұлтжандылығында, жанашыр, бауырмалдылығында әрі ақиқатты ашып көрсете алған даналығында. Әттең, өзі айтпақшы, «қайран сөзі қор болды…». Біз ол үшін ол кездің қазақтарын ғана кінәламаймыз. Оның шығармалары маңызын әлі күнге жойған жоқ. Сол айтылғандардың бәрі жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатқан бізге де қатысты. Ендеше, «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос!»
БЕС НӘРСЕГЕ АСЫҚ БОЛ!
Қайсыбір ұлт болсын, мейлі жеке адам болсын, оның бойында қадір тұтатын асыл қасиеттер де, тезірек арылуға тиіс жағымсыз мінездер де кездесіп қалады. Кісі бойындағы рухани дерттерді емдеу үшін әуелі сол дерттерді анықтап алып, сосын емдеуге кіріседі. Бүгін біз Абай атамыздың «Бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз» деген өлең жолдарымен жеткізген өсиетіне тоқталамыз. Олар: (Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым…) Әңгімені әуелі Талаптан бастайық. «Талапты бала талпынған құстай, құмары қанбас биікке ұшпай», «Талап – талмас қанат». Қазақ талапты баланы «Талабы тай жегендей!» деп мақтайды. Яғни, бір тайдың етін жалғыз жеп қоятындай тәбеті (аппетиті) бар адамға теңестіреді. Сонымен, талап деген сөзді қалай түсінеміз? Талап – діттеген бір мақсатқа жету жолындағы ұмтылыс дегенді білдіреді. Әдетте осы ұмтылыс көп адамда жетпей жатады. Бұл ұмтылыс жүрекке үлкен күш-жігер береді. Талапсыздар ешқашанда армандарына жете алмайды. Сондықтан, Абай атамыз бізге қажетті бес нәрсенің алдына талапты қойды.
Мектепте оқытылатын қай пән аса маңызды емес? Еңбек, денешынықтыру сабақтарына адамдар көп көңіл бөле бермейді. Бірақ, осы екеуі, ең маңызды пәндер! Басқа-басқа, осы екі пән адамның өмірінің соңына дейін керек болады. Еңбек жайлы айтсақ, талаптың өзі еңбексіз ештеңе істей алмайды. Талант еңбексіз ештеңе емес. Абай атамыз: «Ешектің артын жусаң да мал тап!» дейді. Кейбір тәкәппар, надан адамдар қара жұмыс істегісі келмейді, оны өздерінше намыс көреді. Біз білетін кез-келген қара жұмыс ешектің артын жуғаннан жақсы. Сондықтан, атамыз «Жұмыс таңдама, қандай жұмыс болса да, қашпа» деп үйретті. Барлық мақсатқа жету үшін еңбекқорлық керек.
«Асыл-Арнада» бір қолы ғана бар, бір қол, бір аяғы жоқ адамның такси айдап, отбасын асырап жүргені жайлы фильм көрсетті. Біз кейде көшеден он екі мүшесі сау адамның қайыр сұрап жүргенін көріп таңғаламыз. Кейде базар сыртында, жол бойында қолына шелегі мен тряпкасын алып машина жуып жүргендерді көріп риза боласың. Тұрақты жұмыс орны жоқ болса да, ешкімге алақан жаймай, адал еңбегімен ақша тауып жүрген адамдар бала-шағасын адал табыспен асыраса, оның балалары арлы азамат болып өседі.
Біздің заманымызда-ақ шетелдік бір кісі заводқа от жағушы болып жұмысқа кіріп, соңында, қызметі өсе келе, сол заводтың бастығы, әлемге әйгілі миллиардер болып шықты. «Дарақ бір жерден көгереді» деп қазақ бекер айтпаған. Әр жұмыстың басын бір шалып жүрген адамның қызметте өсе қоюы қиын…
Атамыздың айтуынша, бес асыл істің бірі – Терең ой. «Ойға кірген құры шықпас, көрге кірген тірі шықпас», «Көп ойлансаң – дана боласың, көп ойнасаң – бала боласың», «Түйедей бойың болғанша, түймедей ойың болсын», «Ойланбаған опық жейді» деген сынды даналардан қалған ой маржандары жетерлік бізде. Көп адам не үшін өмір сүріп жүргенін білмейді. Әйтеуір, мал сияқты, ішеді, жейді, ұйықтайды… Ешқандай мақсатсыз өмір сүргендерді көріп, Абай атамыз қатты күйінген болса, бүгінде адамдардың ойланбауы үшін бар жағдай жасалды. Бұрын көбейту кестесін жаттайтынбыз, кәзір ол смартфоныңда тұр. Бұрын неше түрлі ойыншықтарды қолдан жасап, ойын түрлерін табатынбыз. Қазір ойыншықтың түрі көп. Қоғамдық көлікке міне қалсаң, оның шопыры музыка қойып қояды. Машинасы маймен емес, әнмен жүретін секілді. Ойланып, алдағы жұмыстарыңды жоспарлау орнына, сен мағынасыз, мәнсіз, сылдыраған судай сұйық әндерді тыңдауға мәжбүрсің. Қалтафоныңды ашып қалсаң, ыржақ-қылжақ, концерт, ролик, неше түрлі ақпараттардың тасқыны сені шынайы өмірден бұрып әкетеді. Ұйықтағанша қарайтын, уақытыңды ұрлайтын нәрселер шаш етектен. Оның бәрін қарап, көріп шығуға өмірің жетпейді. Сонда да соны қиып тастай алмай, көзің байланып, басың айналып, телефонның тұтқынында телміріп есіл өміріңнің өтіп жатқанын байқамайсың.
Төртінші құндылықты Қанағат деп атапты атамыз. Ол жайлы: «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жігітке жалғыз атын сойғызар». «Көңілінде қанағаты бар адамға, бір малы көрінеді он секілді» деген бұрынғылардан қалған сөздер көп. Қанағаты жоқ адам ашкөз, қомағай, сараң, жылаңқы болады. Ол ешқашан өміріне риза болмайды. Өзін алданған біреу сияқты көреді де, ол үшін өзгелерді кінәлай береді. Ол ынсап дегенді білмейді. Еш нәрсеге шүкір ете алмайды. Оған берілген ырзық, нығметтер аз көрініп тұрады да, басқаларға сұқтанғанын қоймайды.
Асыл қасиеттердің соңғысы етіп Абай атамыз Рахымды атапты. Рахымдылық – кеңпейілділік, мейірімділік, қайырымдылық. Адамдарға жақсылық жасауға деген ниетің. Сұратпай бергің келіп тұратын жомарттығың. Рахымсыз болсаң – өз сорың. «Қайырсыз байдан қайнатқан су артық» дейді ондайды біздің қазақ.
Айта берсе мәселе көп, қысқаша – осы. Айтпақшы, қазір біздің қоғамда Абайлар бар ма? Болса, кімдер екен?
БЕС НӘРСЕДЕН ҚАШЫҚ БОЛ!
Осы күні аузын ашса, қара қазандай өкпесі көрінетін «білгіштер» көп. Ойдан-қырдан жинаған қоқыр-соқыр мәліметтерінің бәрін тізбелеп, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, көсіле шапқанда, аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Қазақтың данасы атанған Абай атамыз не айтса да ақыл таразысына салып, қоғамның дерттерінің себебін адамдардың өздерінің ниет-пейілдерінен, мінез-құлықтарынан екенін дәл түсініп, рухани ауруымыздың диагнозын қойып, оның емін де айтып кеткен екен, жарықтық. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз» деп, «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер малшашпақ (ысырапқорлық)» секілді бес жаман әдетті санап береді де, соңынан сол кертартпа қылықтардан тазартатын «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым» дейтін бес асыл қасиетті айтады. Біз енді «жаман айтпай, жақсы жоқ» деп, осы бесеу жайлы бір-екі ауыз сөз айта кетейік.
Алғашқысы – Өсек. Өсек деген ылғи өтірік бола бермейді, кейде шын болып та келе береді. Бірақ, оның мақсаты – шағыстыру. Біреудің сөзін екінші адамға жеткізіп, олардың ортасына от жағу. Оны әдетте кім айтады? Көреалмаушы. Ал, кейде «аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегендей, біреу жайлы білгенің немесе біреудің біреу жайлы айтқаны ішіңе симай, аузыңнан абайсызда шығып кетеді де, өсекке айналып үлгергенін өзің де байқамай қаласың. Сондықтан, аталарымыз «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» қоюымызды қайта-қайта ескертіп кеткен екен. «Тырс-тырс тамшы тасты теседі, былш-былш өсек басты кеседі», «Итке төсек не керек, естіге өсек не керек?» деген мақал-мәтел де бекер айтылмағанын естен шығармайық.
Қашық болуымыз керек бес нәрсенің екіншісі – Өтірік. Оны кім айтады? Әдетте оны қорқақ, мақтаншақ адамдар әдет қылады. Өтірік жайлы шыққан мақалдар тіптен көп: «Өтірікшінің шын сөзі зая». «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». «Өтірік деген дұшпан бар, Отқа сүйреп салады. Әділет деген аға бар, дұшпанның қолын қағады»… деп, шұбырып кете береді. Өтірікті ақтауға болмайды, суайтты мақтауға болмайды. Шыншылдығымен, туралығымен, батырлығымен әлемге танылған Бауыржан атамыз: «Өтіріктің балын жалап күн кешкенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» десе, тағы бір ойшылдар: «Өтіріктің бір тамшысы сенім мұхитының суын былғауға жеткілікті» деп айтып кеткені белгілі. Өкінішке орай, кейде: «Мені жоқ дей сал сұрағандарға» деп, кей әке баласын өтірікке өзі үйретіп жатқанын байқамайды.
Бала бірдеңе бүлдіріп қойып, шынын айтса, оны жазалауға болмайды.
Кейде рұхсат етілген өтіріктерді айтуға тура келетін жағдайлар болады. Мысалы, араздасқан адамдарды татуластыру үшін, ер мен әйел бір-бірін риза ету үшін, соғыс жағдайында.
Мақтаншақтықты атамыз үшінші орынға қойыпты. Қандай адам мақтанады? Өзінің әлсіз жерлерін жасыру үшін, айналаға өзін мықты етіп көрсеткісі келетін. Өзіне нық сенімді, шын мықты адамға мақтанудың не керегі бар? Абай: «десін» деп өліп кете жаздайтындарға күйіп-пісіп: «Қайнайды қаның, ашиды жаның» деп ашынады. Қоғамды тәрбиелегісі келді. Бірақ, тәрбиелей алды ма? «Баяғы жартас бір жартас» болып қала берді. Оны өзі де мойындап: «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деді.
Қазіргі қазақтар қалай мақтанып жатыр? Кредит алып той жасайды, қымбат машина мінеді, евроремонт жасайды үйлеріне. Айналасына бай болып көрінгісі келеді. Бірақ, «ауруын жасырған өледі» дегендей, банкке үйлерін алдырып, қарыздарынан қашамын деп жақындарымен беткөріспей кетіп, тіпті, асылып өлуге дейін барып жатқандар бар. Осыны түсіндіру үшін Абай атамыз Крыловтың мысалдарын аударды: «Сонда қарға қарқ етті, ірімшік жерге салп етті» деген өлеңін бәріміз білеміз. Қарға өзінің мақтаншақтығынан аузындағы ірімшігінен айырылып тынады.
Төртінші жаманымыз Еріншектік екен. Жалқаулық жайлы да қазақта мақал аз емес. «Тауық құс емес, жалқау кісі емес». «Жалқау – жарты кісі». «Жалқау айтады: «бүгін жақсылап дем аламын, ертең жұмысқа барымды саламын». «Еріншектің ертеңі бітпес, жеңілтектің селтеңі бітпес». «Жаман болатын жігіт шегінгек келеді, кедей болатын жігіт еріншек келеді». «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті». Еріншек, жалқау адам қанша талант болса да, ешқашан арманына жете алмайды. Оқуда озат, спортта жұлдыз болу үшін ерінбеу, еңбекқор болу керек.
Соңғы жаман қасиет – бекерге малшашпақтық. Ысырапқор деген кім? Барды бағаламайтын адам. Айналаға бай, жомарт болып көріну үшін жыртылып өле жаздайтын. Қымбат тойханаға той жасап, қымбат әншілер шақырып, ақшасын босқа шашатын адамдар көп. Соны мұқтаж адамға садақа етіп бер, өзіңе жақсы болады десең, бере алмайды. Оны жасайтын адамда, әдетте, үлкендер десек, оқушы не ысырап етеді? Уақытын! Өмірде әр минуттың қымбат екенін білмеген адам уақыты босқа өтіп жатқанына түк те өкіне алмайды.
Адам мінезіндегі осы сипатты сүйкімсіз қасиеттер адамның бағын байлап, жолын болдырмайды екен. Ал, бұлардан арылудың жолын Абай атамыз жоғарыдағы бес асыл қасиеттерінде айтып кеткен…
Серік ҚАЛИЕВ,
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.