Жуырда, Тәуелсіздік күніне орай, Алматы облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері Қаскелең қаласында «Бір команда, бір мақсат» атты спорттық ойындардан жарыс өткізді. Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талдықорған-нан келген кіл мықтылар жиналған сайыста олар волейбол, кір тасын көтеру, шахмат, дойбы тоғызқұмалақ, арқан тартыс сияқты спорт түрлерінен сынға түсті.
– «Дені саудың- жаны сау» деп бекер айтылмаған. Мақсатымыз – жарыстыру емес, барлығымызды спортпен шұғылдануға шақыру. Әркім өзі үшін, болашағы үшін ағзасын жаман әдеттерден аулақ ұстауы керек, – деп сөз бастаған филиал директоры Бекжүнісов Ермек Құралбекұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әріптестер арасындағы жарыс қызу да қызықты өтті. Бұл сайыста жігіттерге білектерінің күшін барынша көрсететін сәттер көп болды. Мәселен, волейбол ойынында талдықорғандықтар алдына жан салмады. Ал, арқан тартыста қарасайлықтардың күшіне ешкім төтеп бере алмады. Командалық есеп бойынша гран приді талдықорғандықтар, 1-орынды Қарасай ауданы, 2-орынды Жамбыл ауданы, 3-орынды талғарлықтар еншіледі.