Жұмыр басты әр пенде де тірлігінде мына жарық дүниенің қызық- қуанышын көп көрсем дейді,бала-шағамның ортасында ұзақ жүрсем дейді. Айым оңымнан туып, жұлдызым жарқырап, жайнап тұрса дейді. Әйтеуір, әрдайым осындай оңды адами тілектің жетегінде болатынымыз рас қой. Мұндай тәтті қиялың мен ой-арманыңның жолы кейде қысқарып кесіліп те қалуы ғажап емес, әртүрлі сырқатқа бой алдырып, басыңа ауыр сын-сынақ түсуі де мүмкін. Сондайда шыбын жаныңа араша түсіп, алып кететін ажалдың бетін қайтаратын дүниеде бір керемет кәсіп иелері бар. Олар, әрине, дәрігерлер!
Дәл осындай ақ ниетті ардақты азаматтың бірі – Оралбай Сағиев.
Ташкент медицина институты емдеу факультетінің 1987 жылғы түлегі содан бері адамдардың аманшылығын ұзартып, денсаулығының жақсы, қалыпты жағдайда болуына үзбей үлесін қосып келеді. 2001 жылдан бастап Қарасай аудандық орталық ауруханасындағы хирургия бөлімшесінде қызмет істейтін ол бүгінде жоғары санатты дәрігер-хирург, осындағы өмір мен өлім жиі тайталасқа түсетін жер – операция жасау блогының меңгерушісі.
Негізінен бауыр, өт жолдары, асқазан -ішек, жарық ауруларына (оның ішінде балалар да бар) ота жасайтын Оралбайдың есімін ел-жұрт қазіргі кезде ерекше атайды. Оның жөні де бар. Өйткені,ол ота жасаудың нағыз кәсіби шебері, бөлімшедегі өз ісінің қыр-сырын әбден меңгерген, өте тәжірибелі жетекші хирург.
– Жылына шамамен тек өзімнің ғана 230-250 рет операция үстелінің жанынан табылуыма тура келеді, – дейді Орекең. – Себебі, Қарасай ауданы алып шаһарымыз Алматының түбінде орналасқан ғой, халықтың тығыздығы мейлінше жоғары, яғни, тұрғындар саны өте көп. Ал, адам болған соң, өмір болған соң, денсаулыққа байланысты мына тіршілігімізде неше түрлі жайсыз жағдай, оқыс оқиға орын алып қалмауына ешкім де кепілдік бере алмайды… Мұндай кездерде көмекке алдымен біз келеміз. Дүниедегі ең ізгі мамандық делінетін дәрігерлікті өзің жаныңмен қалап алғаныңнан кейін, сырқат жанға жәрдемің тиіп, оның сауығып кетуін алғы кезекке міндет етіп қойғаныңнан кейін, меніңше, бәрін де үлкен жауапкершілікпен, әрі сапалы атқаруың керек. Өйткені, осындай сәттерде саған айрықша сенім, үлкен үміт артылады. Жалпы, тағы бір атап айтарым, отаның оңайы болмайды. Өз басым мұны біле тұра осы қиын салаға мамандандым ғой. Құдайға шүкір, оташылық жұмысымды жаман атқарып жүрмеген сияқтымын.
… Марқұм анасы Ақсұлу Бөлтенқызы Оралын басқа балаларынан бөлекше көретін. Өйткені, кішкене кезінен-ақ әр нәрсеге талаптанып, ұдайы пайдалы іспен айналысқанды ұнататын, салмақты, сабырлы болатын. Қазір сексен жастағы әкесі Сағи Сағындықұлы болса ұлының бойындағы жігер күшін жазбай танып, оны өз мамандығына икемдеді. Айтқандай, ол кісі де мұндаға дейін білікті хирургтің қатарында болған. Ендеше, дәл осы жерде оларды бір үйден өсіп-өніп, өрісін кеңейткен дәрігерлер отбасы деуімізге тура келіп тұр. Қалай дейсіз ғой? Айтайық. Сағи қарияның жолын алдымен біздің кейіпкеріміз Оралбай қуса, оның ұлы Нұрлан да дәрігер-хирург. Ия, ия, ол 2011жылдан бері әкесімен бір бөлімшеде қоян қолтық бірге жұмыс істейді.
Орекең жеңіл өнеркәсіп инженері мамандығын алған, құдай қосқан өмірлік жары Сұлушаш екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріпті. Үлкендері Нұрланның да хирург екенін айттық. Сонымен халық шаруашылығы институтын бітірген экономист Ғалиядан басқасының бәрі де медицинаны таңдапты. Мәселен, Айнұр қазір УЗИ, томография, компьютерлік диагностика жөнінен маманданып Сызғанов хирургия ғылыми орталығында резидентурада оқып жатса, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген Ақмарал акушер-гинеколог мамандығы бойынша интернатурадан өтуде көрінеді. Кіші ұлдары Бақытжан бүгінде Қазақстан-Ресей медицина университетінде 2 курста оқиды. Міне, осылайша Сағи қариядан басталған отбасылық денсаулық сақшыларының сапары сәтті жалғасу үстінде!
Сөзге сараң, іске мығым, қашанда жаңалыққа жаны құмар Орекең бүгінде медицинадағы ең соңғы технологияның бірі – лопораскопияны да жетік меңгеріп алған. Яғни, адам ағзасындағы өт жолдарына денені кеспей, монитордан көріп тұру арқылы ота жасай береді. Бұл жөнінде де оның есімі жақсы аталады.
«Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратыны, әрине, денсаулық. Осы «олжаны» сізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін медицина қызметкерлері ғой. Солардың бірі – білікті дәрігер, білгір хирург Оралбай Сағиев!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.