«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» соңғы үш жылдың ішінде ауданымыз бойынша талай кәсіпшіл жандардың бизнес кеңістігіне жол ашып, тиімді жақтарымен мол мүмкіндік сыйлап келеді. Мемлекеттің осындай қолдауын бизнес бастамасына айналдырғандардың бірі – Бұлақты ауылының тұрғыны Жұмақұл Жүнісов.
ІІ топтағы мүгедек болса да төрт түлікке жаны жақын ағамыз жоғарыда атап өткен бағдарламаның екінші бағыты бойынша мемлекеттен шағын несие алып, қазіргі таңда қой-ешкілерінің санын көбейту үстінде. Мал шаруашылығының қыр-сырын бір адамдай білетін ауылдық кәсіпкердің алдағы мақсат-жоспары айқын. Бастаған ісінің несібесін көпшілікпен бөлісуді алдына мақсат етіп, қойып, қозы-лақтардың санын арттырып қана қоймай, осы түліктің өнімдерімен халықты қамтамасыз етсем дейді.
«Жұма» деп аталатын жеке кәсіпкерліктің иесі Жұмақұл Қасымқұлұлының бұл іске елуіне басты себеп – жоғарыда ашып айтқан, бизнеске жол нұсқаушы мемлекеттік бағдарлама. Анығын айтқанда, ағамыз 2019 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы оның кәсіптік оқуын оқып, агробизнестік білімін жан-жақты ұштады. Кейін 6%-ды қайтарымы бар шағын несиеге жолдама алып, қорасындағы азғантай қой-ешкілерінің санын арттыру үшін қолда бар қаражатқа тағы бірнеше бас ұсақ мал сатып алған.
– Қазір қолымда құйрықты қазақтың еділбай қойы бар. Менің алдағы мақсатым – осы түліктің тұқымын көбейту. Сатылымға шығарсам да бағасынан ұтыла қоймаймын. Етті, майлы болып келетін еділбай қойының бір ерекшелігі – бойлары 90 см-ге дейін өседі, – дейді қой шаруашылығын дамытуды қолға алған Жұмағұл Жүнісов.
Ауылдық кәсіпкер әңгіме барысында алдағы уақытта құс шаруашылығын да қолға алуды ойлап жүргенін айтты. Әсіресе, бөденені қолға үйретіп, оның пайдасы мол жұмыртқасын халыққа ұсынуды көздеуде.
Бүгінгі таңда берекелі шаруашылықты қолға алған Жұмақұл ағаның қолында 40 шақты қой-ешкі бар. Көктемгі уақыт жақындағандықтан қазірден бастап кора-жайының құрылысын жақсартып, түліктерінің төлдеу уақытына дейін бар жағдайды жасауды қолға алуда.
Алпысты алқымдаған кәсіпкердің алдағы жұмысы жанданып, қозы-лақтарының саны арта берсін, дегіміз келеді. Жұмақұл Қасымқұлұлы сияқты қой шаруашылығын бес саусақтай білетін жандар көп болса, ауданның агробизнес кеңістігі кеңейе түсетініне сеніміміз мол.
Дидар МУХАМАДИЕВ.