«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, адам баласының іс-әрекеті де, арман-мақсаты да, тіпті, өмірлік бағыты мен мамандығы да өз отбасында қалыптасады. Алып бәйтеректей әке мен отбасының ұйытқысына айналған анаға қарап, өзінің өмірлік жолын айқындап, ата-дәстүрін жалғап, дәстүрлі ісін жаңғыртып келе жатқан ізбасарларды көптеп кезіктіруге болады. Солардың қатарында тыныштықтың күзетіндегі әке мен бала, яғни, әулетімен тәртіп сақшысы қатарында болған отбасылар аз емес. Алда келе жатқан еліміздегі мерейлі мерекелердің бірі болып саналатын Отбасы күні қарсаңында біз бір шаңырақтың өрелі ісін жалғап, ішкі істер органдарында бүгінде екінші буыны абыройлы қызмет атқарып келе жатқан қаскелеңдік Бекебаевтар әулеті жайлы айтып өткенді жөн көрдік.
Осыдан 32 жыл бұрын отау құрып, бүгінде керегесі кең, босағасы берік шаңырақтың қазынасы болып отырған Асқар әкей мен Бәтима анамыз –салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, еткен еңбегі мен көркем мінезімен өзгеге өнеге боларлық әулет. Олар бар ғұмырын балаларды оқытуға, оларға дұрыс тәрбие беруге арнаған. Өмірде көп нәрсені көріп, біраз ой түйген ерлі- зайыптылардың балаларына берген тәрбиесі ерекше. Әр баласының бойынан ізеттілік пен ізгілікті, құрмет пен инабаттылықты байқайсың. Ұлын ұлтжанды, қызын инабатты, сыпайы етіп өсіру ол әр ата-ананың міндеті болса, Бекебаевтар шаңырағы сондай қасиеттің барлығын балаларына берген. Бұл – отбасындағы үлкенді сыйлау мен кішіні құрметтеудегі ең асыл қажеттілердің бірі болса керек. Өзінің өмірін тәртіп сақшылығымен байланыстырған, Асқар Бекебаев тек жұмысында ғана емес, сондай-ақ, отбасында да құрметке ие. Ол 18 жыл бойы Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік автоинспекциясында адал еңбек еткен. Сол жерден зейнетке шығып, өзінің зайыбы Бәтимамен әрі қарайғы өмірлерін балаларын тәрбиелеуге арнаған.
Әкелерінің тәрбиесін көріп, оны үлгі тұтқан балалары есейгенде екеуі де ауыр да әрі қиын мамандықтарды таңдайды. Кіші ұлдары Дәурен спорт жолын қалап, бокспен айналысып, қажырлы еңбегінің арқасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлігіне көтеріліп, бүгінгі таңда көптеген жарыстарда еліміздің туын желбіретуде. Ал, үлкен ұлдары Ерлан болса өз өмірін құқық қорғау органдарымен байланыстырды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бала кезінен әкесінің қызметіне қызығып өскен Ерлан Бекебаев та мектеп бітіргеннен кейін Тараз қаласындағы ТарМУ-ге түсіп, оны заңгер маман ретінде тәмамдап шығады. Оқудан кейін бірден, яғни, 2013 жылы біздің ауданымыздағы полиция басқармасына учаскелік полиция инспекторы болып жұмысқа орналасып, өзінің сүйіктісі Таңшолпанмен отау құрды. Бүгінде Ерлан өзінің сабырлы да салмақты мінезінің арқасында тек отбасында ғана емес, сондай-ақ, қызмет орнында, басшысы мен әріптестерінің ортасында сыйлы.
– Әке-шешеміз бір өйт-сөйт, деп дауыс көтеріп немесе ұрысып айтқан жоқ, өздерінің еңбегімен, жасаған қызметімен тәрбиеледі, бәрін де істеген істерімен дәлелдеді. Кішкентай кезімізден әкеміздің, иә анамыздың бекерден-бекер ренжігенін көрген емеспіз. Солардан үлгі алып өстік. Ата-анамыз бізге кішкентайымыздан үлкенді сыйлау, әрдайым бір-біріне қол ұшын беру, ерінбей еңбек ету керек деген сөздерді жиі айтатын. Бүгінде, міне, сондай тәрбиесінің арқасында шаңырағымыз биік, босағамыз берік отбасы болып отырмыз, – дейді Ерлан.
Отау көтергендеріне биыл, міне, жеті жыл болып, ерінің қызметінің ыстық-суығына төзіп, бір-біріне үнемі қолдау көрсететін Ерлан мен Таңшолпан қазіргі таңда Інкәр, Аяла мен Раяна есімді үш сүйкімді де әрі тәтті қыздарын аялап өсіріп отыр.
Шаңырағы биік, босағасы берік Бекебаевтар отбасы әрдайым кешке жақын бір дастархан басында жиналып, бір-бірімен шүйіркелесіп, жақсы жаңалықтарымен бөлісуге құмар. Осындай кішігірім басқосулар арқылы олар тек маңызды жақсы әңгімелерді айтып қана қоймайды, сондай-ақ, мұндай отбасылық басқосулар олардың арасындағы ауызбіршілігін одан әрі арттыра түседі екен. Бекебаевтардың өзгелерден өнегесін арттырып тұратыны да осы ерекшелігі болса керек. Иә, бұл бақытты отбасы осындай бұзылмайтын өзіндік дәстүрді берік ұстанып келеді.
Отбасы – шағын мемлекет. Ондағы береке-бірлік, сыйластық қалай болса, ел ішіндегі татулық та солай болмақ. Шаңыраққа шаттық сыйлаушы – бала, тіреу болар – ата-ана. Ендеше, айналасына үлгі болған, басына бақ қонған Бекебаевтар отбасының мерейі әр уақытта үстем болсын дейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.