Ер есімі қашанда ел есінде сақталуы тиіс. Ұлы Отан соғысына қатысқан Әбікен Боздақовтың артындағы ұрпақтары да осы сөзді мақсат етіп, аталарының аты тарих беттерінен жоғалмай, оның өлшеусіз, ерен еңбектерін бүгінгі ұрпақ білсе дейді.
Өткен күннің дерегіне сүйенсек, тақырыпқа арқау болып отырған Боздақов Әбікен Бостайұлы – қасиетті Қарасай жерінің тумасы. 1908 жылы сол кездегі Қаскелең ауылында дүниеге келген. 1922 жылы комсомол қатарына өтіп, 1925 жылы №7 ауылдық Кеңестің хатшысы қызметін атқарған. Бұл кезең Әбікен Бостайұлының алғашқы еңбек жолы деген дерек бар. 1932-1933 жылдары панасыз жүрген жас жетімдерді әр ауылдан жинап, барлығын балалар үйіне өткізуге барын салған. 1933 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылындағы балалар үйінің директоры болды.
1934 жылы Ә. Боздақов аудандық партия комитетінің нұсқауымен «1 Май» колхозында тұңғыш мектеп ашып, өзі осы білім ұясын басқарған. Мектеп директоры мұнда күндіз балаларды оқытса, кешке таман ересектердің сауатын ашты. Осылайша олардың білімін жетілдіруге, хат тануына бар күш-жігерін жұмсаған ұстаздардың бірі болды. Ал 1939 жылы партия қатарына өтті. Одан кейін ағартушылық қызметінен бөлек, ауыл ішіндегі түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
1941 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанды. Бұл уақытта ІІ дүниежүзілік соғыстың басталған кезі еді. Қаскелеңдік жас сарбаз Харьков, Нижний Воронеж, Сталинград сияқты қалалардағы қанды ұрысқа қатысты. 1944 жылы жауынгер Әбікен Бостайұлы соғыс даласында ауыр жараланып, елге оралған соң, құрметті демалысқа шықты. Алайда сүйікті ісі – ұстаздық қызметін тастамады. 1974 жылға дейін мұғалім, одан кейін мектеп директоры болып білім саласында қызмет етті.
Әбікен Боздақов ұстаздық жолдан бөлек, бірнеше рет аудандық, облыстық Кеңестердің депутаты атанған. Сонымен қатар, осы деңгейдегі партия конференцияларының делегаты да болыпты. Ерен еңбектері жоғары бағаланып, «Жауынгерлік Қызыл жұлдыз» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің, Қазақ КСР Білім беру министрлігінің, Әскери комиссариаттың Құрмет грамоталарымен және басқа мәртебелі медальдармен марапатталған.
«Әбікен Боздақов – саналы ғұмырының 49 жылын еңбекке арнаған адам. Шамамен бұл жарты ғасырдай уақыт десек болады. Оның қажырлы қызметі бала тәрбиесіне, олардың білім алуына, шыңдалуына жұмсалды. Білікті педагогтың тәлімін алған, ақыл-кеңесімен өз жолын тапқан шәкірттерінің біразы – ел алдында қызмет еткен белгілі тұлғалар. Тіпті, кейбірі әлі де мемлекет ішіндегі жауапты саланың тұтқасын ұстап, ел игілігі жолында қызмет етуде. Осы ретте Әбікен Боздақовтың батасын алған шәкірттерінің аты-жөндерін атап өтуді жөн санадық. Олар: ҚР Мемлекет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, атақты ақын Надежда Лушникова, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Нури Рақышев, Қаз ССР жеңіл өнеркәсіп министрі Абдыразақ Жомартов, ІІМ ардагерлері, полиция полковниктері Қамза Екейбаев пен Ерғали Таңатбаев, Комсомол комитетінің бірінші хатшысы, жауапты партия қызметкері Ләйлен Балапанов, білім саласының ардагері, ұстаз Құлбай Досымбекова, Қаз ССР-нің еңбек сіңірген агрономы Сейтқан Бөлекбаев, райкомның екінші хатшысы болған Ерболат Оразалиев, белгілі режиссер, журналист Ермек Тұрсынов және Қарасай ауданының бұрынғы мәслихат депуаты, меценат, «Ж Қаскелең» ЖШС-нің директоры Жеңіс Бектасов. Міне, бұл аталған азаматтардың барлығына Әбікен Бостайұлы ұстаз болған.
Иә, еткен еңбектің, төккен тердің бағалануы заңдылық. Ұлы Отан соғысының ардагері, білікті ұстаз Әбікен Бостайұлы ел жадында ұзақ сақталса деген артындағы ұрпағының арманы бар. Олар оның өзі алғаш іргетасын қалаған, әрі талай жыл бойы басқарған қазіргі Бекболат ауылындағы орта мектепке есімін беретін кез келді деп есептейді. Ә.Боздақовтың ұлы Сырым Боздақовтың және немересі Айсұлу Бостаеваның сөздеріне сенсек, жақындарының осы бір арман-ойын бірқатар ауылдастары да қолдайды, ешқандай қарсылықтары жоқ. Алайда бүгінгі таңда аталған білім ошағына жаңа атау беру бойынша мәселе туындаған. Анығын айтқанда, мектепке басқа бір тұлғаның есімін беру жағы да талқыға түсуде. Әзірге бұл – әлі нақтыланбаған, нүктесі қойылмаған ұсыныстардың бірі. Бәрін уақыт таразылайды деп білеміз.
Ең бастысы, туған жерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, өскен өлкесіне еңбегі сіңген Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Әбікен Боздақовтың есімі өшпесе екен дейміз. Келер ұрпақ ауылын ардақтаған азаматын білуі тиіс. Сонда ғана тарих қалыптасып, тамыры тереңге жайылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.