Ел Президентінің байыпты бастамасына айналған «Таза Қазақстан» жалпыұллтық акциясы Қарасай жерінде апта сайын жалғасуда. Күні кеше «Таза бейсенбі» деген атаумен Қарасай ауданына қарасты Қаскелең қаласы мен барлық ауылдық округтерде әдеттегідей тазалық жұмыстары жүргізілді. Анығын айтқанда, бұл жолы аудан аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер, оның ішінде Наурызбай батыр, Ұлы Отан соғысының батырлары құрметіне орнатылған, Бектенбай Косыновтың, Мәншүк Мәметованың, Ораз Жандосовтың құрметіне қойылған ескерткіштер және аудандағы тағы да басқа тарихи орындардың жаны тазаланды. Сондай-ақ айналасындағы шөптер жұлынып, қоқыстары алынды.
«Таза бейсенбі» шарасына жалпы 240 адам белсенділік танытты. Олардың қатарында ішінде Қарасай ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Amanat» партиясының Қарасай ауданы филиалы, Қарасай ауданының Жастар ресурстық орталығы, Қаскелең қаласы әкімінің аппараты, Қарасай ауданындағы Мәдениет үйлер, музейлер және кітапханалардың қызметкерлері болып, тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты. Акция барысында 8 арнайы техника жұмылдырылып, 32 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы қоқыс полигонына шығарылды.
Айта кетейік, тазалықты насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Мақсаты – елімізді тазалыққа шақырып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсету. Осындай ортақ жұмыстың арқасында Қарасай ауданында тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табуда. Бұл бір жағынан жалпыұлтты біріктіруге үлкен септігін тигізуде.
Дидар Мәлікұлы.