Жақында, Қаскелең қаласындағы орталық базарда, анығырақ айтқанда, «Зәмза» сауда үйінде «Сенің денсаулығың өз қолыңда» және «Физикалық белсенділік» атты қос акция бірден өтті. Қарасай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастауымен және орталық аудандық орталық аурухананың атсалысуымен ұйымдастырылған бұл игі шара тұрғындарды денсаулықтарына салғырт қарамай, өздерін күтінуге шақыруға, қатерлі дерттердің алдын алуға бағытталған еді.
Алдын ала берілген хабарландырулардан құлағдар болған адамдар бұл күні таңғы тоғыздан-ақ сауда үйінің бірінші қабатында шоғырланды. Бұл жерде аталған басқарманың бас маманы Сая Усербаева, аурухананың саламатты өмір салтын қалыптастыру бөлмесінің медбикесі Гүлзия Туралиева, алғашқы медико-санитарлы көмек көрсету бөлімінің медбикелері Анар Темірханова мен Әлия Нұрмағамбетова жиналған халықтың қан қысымын, қан құрамындағы холестерин мен қант құрамын тексерді. Белгілі болған нәтижелеріне қарай, олардың әрқайсысына тегін дәрігерлік кеңестер беріліп, алдағы уақытта қандай мамандардың көмегіне жүгінулері керектігі айтылды.
– Жалпы, күнделікті тіршіліктің қамымен, адамдар ақ желеңді абзал жандардың алдына өздігінен барып, скринингтен өтіп, денсаулықтарын жүйелі қадағалап отырмайтыны жасырын емес. Тек жағдай қатты күрделеніп, ауру меңдегенде ғана амалсыздан дәрігерге көрініп жатады. Бұл өткізіп жатқан акциямыз халыққа осы жағынан алғанда өте пайдалы деп ойлаймын. Қаралғандар өздерінің қан құрамындағы қантының немесе холестеринінің мөлшерін біліп, пайдалы кеңестер алып жатыр. Мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады, – дейді аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Сая Мейіржанқызы.
Айта кету керек, бұл күнгі акция барысында тұрғындар белсенді атсалысып, 82 адам қан қысымын, 72 адам қан құрамын тексерткен.
Клара КӨПБАЕВА.