Өздеріңізге мәлім болғандай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын ұсынған болатын. Оның басты міндеттері Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелерімен сәйкес келетінін де айта кеткен жөн. Бұл оның өзі қабылдаған шешімдерінің жүйелілігін және олар үшін нақты жауапкершілікті сезінетіндігін көрсетеді.
2019 жыл Қазақстан қоғамының өткір саяси мәселелерді талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті. Қоғамдық-саяси реформаларға сұраныс бүгінгі күні ерекше жоғары. Сондықтан да, Қоғамдық диалог тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының өзегі болып отыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әлеуметтік көмек көрсету жүйесі туралы былай деді: «Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті. Үкімет оны бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс. Сонымен бірге, аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет».
Президент өз Жолдауында сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, ел аймақтары арасындағы теңсіздікті жоюға және басқа да халықты толғантып жүрген мәселелерге ерекше көңіл бөлді.
Сонымен қатар, қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының осы түрін неғұрлым сындарлы деп есептей келе, азаматтарды ашық диалогқа шақырады. Президент өзекті, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін ашық айта келе, сонымен бірге, оларды шешудің ұтымды жолдарын ұсынды, тәуекелдер мен мүмкіндіктерді прагматикалық тұрғыдан бағалады. Осы бағыт-бағдарды барлығымыз іске асыруға үлес қосуға тиіспіз.
Н.БАКИЕВ,
Қарасай аудандық әділет басқармасының
инспекторы.