Негізі мемлекетті басқарудың шарты халықтың жағдайын жақсартуға қызмет ету екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауы нақ осы мақсатқа жұмылдырылғанымен маңызды.Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни, 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіру тапсырылды. Бұл 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын көбейту деген сөз. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға артпақшы. Бұл – еңбекақы төлеу жүйесіндегі үлкен секіріс. Ол үшін бюджеттен 96 миллиард теңге бөлінбекші. Мақсатқа жету жолында экономиканы дамытуға, бизнесті өркендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық жасалады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылды. Бағдарламаға үш жыл бойы 30 миллиардтан теңге бөлу қарастырылған. Осының нәтижесінде 22 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 224 миллиард теңге салық бюджетке түспекші. Қолайсыз жаһандық экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан экономикасы үнемі ілгерілеп келеді. Негізгі экономикалық көрсеткіштер тұрақты дамуды байқатады.
Жолдауда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Сондай-ақ, онда «Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы» делінген.
Саламаттығы бекем адам – жасампаз істің локомотиві. Елеусіздеу көрінгенімен, мемлекет басшысының елді спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысуға үндеуі, ол үшін аулаларды, саябақтарды жабдықтау қажеттігі, жақын арада 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тапсырмасы бүгінгідей интернет заманында үлкеннің де, кішінің де компьютерге, ұялы телефонға байланып қалған мезгілінде соғылған дабыл деп есептейміз.
Елбасы бағдар-ламасының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын нығайту екендігі белгілі. Осы орайда білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту салаларын одан әрі жетілдіру мақсатында зор еңбек ету қажет екенін баса айтып өтті. Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында Елбасы айқындаған стратегиялық бағытты әрдайым ұстансақ, ұлы істерді, жетістіктерді кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жалғастырарымыз ақиқат. Бұл – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті. Сондықтан да Елбасы Жолдауына ел болып қолдау білдірейік.
Д. ҚАРАТАЕВА,
Қарасай аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары.