Осыдан екі ай бұрын ауданымызға қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі Қараой көшесіндегі үйлердің бірінде өрт шығып, оның салдарынан алты адамнан тұратын Турениязовтар әулеті далада қалған еді. Оқиғаның болғанына екі айға жуық уақыт өтсе де баспана таппай әлек болып жүрген отбасы бүгінде аядай екі бөлмелі шағын үйді жалдап отырған туыстарының үйінде 10 адам болып паналауға мәжбүр.
Жалпы оқиға туралы толығарақ айтатын болсақ, Турениязовтар отбасының үйінде шыққан өрт ақпан айының 18-і күні түнгі 11-ге таман орын алған. Ұйықтап жатқан отбасы мүшелері үйдің өртке оранып жатқанын білмей де қалған. Жалын шарпыған тілсіз жауды сол күні көршілеріне келген қонақтар байқап, үйдің есігін сындырып кіріп, ұйқыда жатқан отбасыны оятып, сыртқа алып шыққан. Толықтай жанып кеткен үйдің бүгінде тек қабырғалары мен жарты шатыры ғана қалған. Шарасыз жағдайда қалған әулеттің осы уақытқа дейін көмек сұрамаған жерлері қалмаған екен.
– Өрт болған күннің ертеңінде біз округ әкімдігіне барып, өтініш жазып, барлық жағдайды түсіндірдік. Бірақ, міне, бір жарым ай болды, әкімдік тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеді. Тек бізді тілсіз жаудан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан берілетін бірреттік әлеуметтік көмекті алу үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жіберді, – деп Турениязовтар әулетінің қызы Күнсұлу Сұлтангазиева жан шырылын жеткізуде.
Кейбір құжаттардан басқа дүние-мүлкінен дым қалмаған отбасы қазіргі таңда жоғарыда аталған әлеуметтік көмекті алу үшін тиісті анықтамаларды жинауда. Алайда бұл жерде де бәрі оңай шешіле салатын шаруа емес екенін түсінгеніміз жөн. Нақтырақ айтқанда, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қилыбаеваның айтуынша, аталған қаражатты алу үшін бекітілген ережеге сәйкес, еңбекке қабілетті отбасының мүшелері толықтай жұмысқа орналасуы қажет.
– Отбасындағы еңбекке жарамды мүшелерінің барлығы міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс. Себебі бірреттік әлеуметтік көмектің ережесіне сәйкес, ол тек отбасыға жұмыстан түсетін қаражат адам басына шаққанда күнкөріс деңгейінен (38 921 тг) аспаған жағдайда ғана беріледі. Яғни, 200 АЕК мөлшерінде. Ол дегеніміз 612 600 теңгені құрайды, – деп түсіндірді Әлия Жұмәділқызы.
Дегенмен Турениязовтар үшін аталған сома дәл қазіргі уақытта орындалмайтын талап болып отыр.
– Мен өзім әлі студентпін. Әкеме жақында ота жасалып, бір жақ қолы мен аяғына темір орнатылды. Ал анам үйдегі төрт жасар сіңілімді балабақшаға беріп, жұмысқа шығайын десе оған дәл қазір төлейтін қаражат жоқ. Бұған дейін әртүрлі жерлерде еңбек етіп жүрген інім жақында ресми жұмысқа орналасқанымен оның жалақысы күнкөріске жеткіліксіз, – деді Күнсұлу мұңын шағып.
Аталған мәселені ол жуырда округте өткен аудан әкімінің есептік жиынында да көтерген екен. Сол кезде оған аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Айнабеков жауап беріп, көмек ретінде 1 млн. теңге қаражат береміз деген. Алайда аталған ақша бір айдан кейін бе, әлде бірнеше айдан кейін бе нақты қашан берілетіні белгісіз. Сондай-ақ сол кездесуде округтегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базаргелді Анисов көмек ретінде өзінің екі бөлмелі шағын үйінің материалдарын берген. Бірақ бүгінде көк тиынсыз қалған отбасының бұл үйді бұзып оның материалдарын алуға мүмкіндіктері жоқ.
Тілсіз жаудың салдарынан зардап шеккен Турениязовтар әулеті бүгінде әкімдіктен үміт үзіп еліміздегі қайырымдылық қорларына да хабарласа бастаған. Әрине, барлық қорлар адамдарға көмектеспес бұрын олар жайлы ақпаратты әкімдіктен нақтылайтыны мәлім. Осы ретте Күнсұлу хабарласқан қордың барлығы дерлік жоғарыда айтылған, яғни, әлі берілмеген көмектер жайлы естігендіктен, қол үшін беруден бас тартып жатыр екен. Осылайша не істерін білмей отырған Турениязовтар шарасыз күйде қалып отыр. Уәде етілген көмектің нақты қашан берілетіні әзірге белгісіз.
Турениязовтар отбасына қол ұшын созам деушілер болса мына төлефон нөмірі арқылы Kaspi GOLD картаға аударуға болады: 8-700-156-10-09. Күнсұлу С.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.