Азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – Қазақстанның әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет тарапынан қолға алынып отырған шаралардың арқасында, Қазақстандағы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2017 жылы тек мемлекеттік бағдарламалар аясында ғана 10 миллион шаршы метрге артқан. Ал, соңғы 10 жыл ішінде бір адамға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету де 30%-ға өсіп, 21,6 шаршы метрді құрап отыр. Президент өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге жеткізу туралы тапсырма берді. Бұл БҰҰ стандарттарына сай келеді.
Сатистикалық мәліметтерді келтіре кетсек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асырып отырған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі 15 жыл ішінде 173 359 қазақстандық отбасына баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Қазір банкте 1 миллион 100 мыңдай қазақстандық үй алуға ақша жинап жатыр. Олардың барлығы алдағы уақытта елдегі 3,5-5% аралығындағы ең төмен пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады.
Бүгінгі күні банктің кредиттік қоржыны Қазақстандағы барлық ипотекалық несиелендіру нарығының (құрылыс және тұрғын үй сатып алу) 30%-ын құрап отыр. Нақтыласақ, 2017 жылдың соңында 464,5 млрд. теңгені құрады. Тек өткен жылдың өзінде біздің банк арқылы 41 728 адам 290 млрд. теңгеге жуық соманың қолжетімді займдарын алды. Осылайша, өткен жыл қорытындысы банктің қазақстандық ипотекаға үлесі 76%-ды құрады. Бұл халықтың мемлекеттік банкке деген сенімінің артқандығының көрінісі. Сонымен қатар, бұл коммерциялық банктердің ипотека бермейтінімен байланысты.
Біз де Мемлекет басшысының «7-20-25» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу және жүзеге асыру туралы бастамасын толық қолдаймыз. Бұл бағдарламаның аясында жұмыс істеп жүрген әр азаматқа жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан, ал, бастапқы жарнасы 20 пайыздан аспайтын, мерзімі 25 жылды құрайтын қолжетімді шарттары бар тұрғын үй займын алуды қарастыратынын білеміз. Қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіне және Үкіметке бұл жобаны жүзеге асырудың механизмдері мен шарттарын әзірлеу керек болады.
Осыған орай, Қазақстандағы тұрғын үй құрылысын ынталандыру және жергілікті құрылыс материалдары өндірісін дамыту жаңа бағдарлама аясында займдарды тек жаңа үйлер бойынша беру керек деп санаймыз. Бұл жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, үй салу комбинаттары мен зауыттарға тұрақты тапсырыстар түсіп отыруына оң әсерін тигізеді.
Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі «7-20-25» аты жаңа тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты бірқатар ұсыныстарды әзірлей алады. Олар: біріншіден – бастапқы жарнаны төмендету, алдыңғы кезекте «НҰРЛЫ ЖЕР» бағдарламасының қатысушылары үшін; екіншіден – Тұрғын үй- құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылардың заем өтеу мерзімін ұзарту; үшіншіден – «Баспана.кз» интернет-порталы арқылы бизнес-процедураларды жетілдіру және қызмет түрлерін автоматтандыру.
Қорыта айтқанда, Елбасы өзінің жолдаған бес әлеуметтік бастамасының біріншісінде айтқандай, тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы, әр қазақстандықтың баспаналы болуына барлық жағдай жасау керек. Яғни, жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Бұл мақсатта Президент ұсынған «7-20-25» бағдарламасы жемісті болады деген ойдамыз.
Бауыржан БОТАБАЕВ,
«Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалының №1 қызмет көрсету орталығының басшысы.