Қазақ үшін Тәуелсіздіктен қасиетті, Тәуелсіздіктен қымбат дүние жоқ. Бұгінгі жеткен жетістіктеріміздің кезінде кейбір ел азаматтарының жанқиярлық еңбегі арқылы келгеніне ешкім таласа қоймас. Солардың бірі де бірегейі, бүгінде Алматы қаласы, Наурызбай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Тастамбекұлы Каркенов туралы мөлтек сырымызбен бөлісуді жөн көрдік (суретте).
Бұл жылдары Мәдениет Тастамбекұлы Қаскелең аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігі қызметінде болатын. Қиындықтар бастан асқан бейуақ мезгіл. Қызмет істеген, жұмысын адал атқарған ел 5-6 ай бойы айлық ала алмады. Оған қоса мұндай қиыншылыққа төзбеген басқа ұлт өкілдері өздерінің тарихи отандарына жөнеп те кеткен болатын. Олармен бірге кеткен білікті мамандар тапшылығы қатты білініп тұрған кезде Мәкең жаңадан іріктеліп жасалған мамандар резервін жасақтаған, жаңа мамандарға өз тәжірибесін үйретіп, рухани жағынан үлкен демеушілік көрсеткен.
Мәселе мұнымен тоқтамаған, кезіндегі облыстан тағайындалатын мектеп директорлары ендігі жерде аудан, округ әкімдерінің келісімімен сайланатын болған. Бұл өз кезегінде елдің болашаққа деген сенімін бекітіп, аса белсенділік жағдайында 11 мектеп директоры, 20-дан астам оқу ісінің меңгерушілері сайланып, өз жұмыстарына белсене кіріскен болатын.
Құнсызданып бара жатқан ақшадан Мәкеңнің жеке жауапкершілігімен, үлкен тәуекелмен банктен алған 12 миллион теңге жалақы ала алмай жүрген мұғалімдерге берілген. Үлкен тәуекел іске асып, елдің мерейін өсірген. Президенттің туған ауданы ретінде батыл шешімдері басқаларға үлгі болған. Бұл тарихта қалған 1991 жылдың 12 қарашасы болатын.
Тағы бір айта кетеріміз, жабылу қаупі төнген балабақшалар, мектептер ондай қауіптен құтылып, өз жұмыстарын жалғастыра берген. Бұл мәселеде аудан әкімдігі, жергілікті мамандар, округ әкімшілігі бірлесе отырып игілікті іске басшылық көрсеткен.
Бір таң қалатынымыз, ағымдағы баспасөз беттерінен «Қазаққа егемендік өзі іздеп келді, қазақ оны алуда бәлендей күш шығарған жоқ» деген секілді шалықтау аралас пікірлердің кездесіп қалатындығы. Түбірінен қате пікір. Тәуелсіздік қазақ тарихында бірнеше рет келген. Жәй келмеген, орасан шығынмен келген. Бізге де Желтоқсан боздақтарының қанымен, біртуар азаматтардың ерен еңбегімен келді. Қазақта «Таққа қол жеткізу оңай болғанымен оны сақтап қалу қиын» деген сөз бар. Даналығында шек жоқ. Сол біртуар азаматтардың бірі – Мәдениет Тастамбекұлы. Қарапайымдылығы мен кішіпейілдігінің арқасында уақыт тасасында қалып бара жатқан азаматымыз туралы аз да болса пікір білдіре кетуді жөн санадық.
P.S. Жақында «Ардагерлер айнасы» газетінен ( №6 (428) 12.03.2021 жыл) 87 жастағы жазушы Төлеш Стамбекұлының «Барған жерінің бәрін бірінші орынға шығарған» атты мақаласын оқып разы болдық. Автор Мәдениет Тастамбекұлының өмір жолы мен атқарған істеріне жан-жақты талдау жасай келе, бұл кісінің «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына бек лайық адам екенін толық дәлелдермен түйіндеген. Біз де бұл ұсынысты екі қолымызды бірдей көтеріп қолдаймыз. Билік басында отырған ел қамын ойлайтын азаматтар да бұл мәселеге көңіл аударар деген ойдамыз.
Данияр ӘЛБОЗЫМ,
тарихшы, этнограф жазушы,
ҚР құрметті ардагері.