Жуырда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, онда бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов күн тәртібін хабарлаған соң, алғашқы сөзді аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Асхат Тегебаевқа берді.
«Қарасай ауданы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің 2019 жылда ауданда криминогендік жағдайды болдырмау мақсатында атқарған жұмыстары туралы» есеп берген Асхат Жайықұлы өз істері жайында жан-жақты баяндады. Яғни, әртүрлі қылмыстың ашылуы жөнінде атап айтты, бұл ретте өткен жыл мен биылғы жылдың салыстырмалы дерегін де келтірді, әйтеуір, қоғамдық тәртіпті сақтаудағы міндеттерін ойдағыдай атқаруға күш салып отырғандықтарын жеткізді. Кеңес мүшелерінің көптеген сұрақтарына жауап қайтарды.
Кеңес мүшесі Аян Айтжанов пікірін білдіре келе өз сөзін: «Полиция халықты тыңдай білуі керек, халыққа қызмет істеуі тиіс!» деп түйіндеді. Сол сияқты Жеңіс Бектасов, Әмина Абдраманова,Қаныбек Айтжанов, Айжан Балажанова жергілікті полиция қызметіне, оны жақсартуға байланысты ұсыныс, тілектерін білдірді.
Келесі кезекте Қоғамдық кеңесте аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Марат Ақылбековтың «Денсаулық сақтау саласының 2019 жылда халыққа қызмет көрсету деңгейі, ана мен бала өлімінің алдын алу жұмыстарының жағдайы, ауылдық округтердегі ауылдық дәрігерлік амбулаториялардың, фельдшерлік-акушерлік пункттердің жұмысы туралы» хабарламасы тыңдалды.
Денсаулық – адам үшін ең басты байлық. Сондықтан осы ретте медицина қызметкерлеріне жүктелер міндет өте үлкен. Ал, бұл ең алдымен емдеу ісінің сапалы, оң сипатта жүргізілуін талап етеді. Сонымен қатар, ауруханаларда, емханаларда тәртіп болуы тиіс, дәрігерлер сырқат жандармен сөйлескенде сыпайылық танытып, этика сақтауы керек, жедел жәрдем жұмысына сын айтушылар бар, ендеше, жұмысты күшейту қажет, кемшіліктерді жедел жойған жөн – кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов пен мүшелері Аян Айтжанов, Сағындық Жылқыбаев, Жеңіс Бектасов, Қаныбек Айтжановтың ортаға салған ойлары негізінен осындай мәнді мәселелерді қамтыды.
Мұнан кейін Қоғамдық кеңесте «Тұрғындар алдында бір жылдық есеп беру кезінде Қаскелең қаласының және Райымбек ауылдық округі әкімдеріне берілген тапсырмалардың, ұсыныс-тілектерінің орындалу барысы туралы есебі» қаралды. Ол бойынша Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев, Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Төленбаев хабарлама жасады. Әкімдер осы орайда атқарылған жұмыстарды баяндап, қойылған бірқатар сұрақтарға жауап қайтарды. Бұл мәселелер жөнінде Сағат Мәсімақынов, Жеңіс Бектасов, Сағындық Жылқыбаев, Орынбай Жанәділ, Әмина Абдраманова сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.
– Қай жерде, қай салада істесек те өз жұмысымызға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек, – деді отырысты қорытындылаған Сағат Ұлтарақұлы. – Мемлекет басшысының және уақыттың талабын жақсы білесіздер. Ендеше, алғашқы кезекте халықтың тілегіне көңіл бөліп, жағдайын жақсы ойлауға тиіспіз.
Қоғамдық кеңес отырысында талқыланған мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар айтылып, тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.