Ауғанстандағы соғыс, анығын айтқанда, кешегі келмеске кеткен Кеңес өкіметі үшін ең соңғы соғыс еді. Ондаған мың адам жіберіліп, он жылға созылған аталған қанды шайқасқа қазақстандықтардың да қатысып, ерлік пен батырлықтың үлкен үлгісін көрсеткенін баршамыз білеміз.
Сондай азаматтың бірі – Абай ауылының тұрғыны Төреғали Махмутұлы Көшеғалиев.
1980 жылы он сегіз жасқа толған Төреғали да әскерге алыныпты. Екі-үш айлық дайындықтан кейін ол да өзгелермен бірге сол уақытта айрықша алапат ыстықтай күйдіріп тұрған, оттай жанып тұрған Ауғанстан аумағынан бір-ақ шыққан.
Барған жерлері Файзабад деген қаланың маңайы екен, өзі Пәкістан мемлекетімен шекараға таяу көрінеді.
… Ал, оның болса жап-жас шағы, яғни, он сегізге жаңа ғана толған. Сонымен ауған жеріндегі қадам басқан сайын ажал сеуіп бұрқ-бұрқ еткен от пен ысқырған, ышқынған оқтың ортасына түсті де кетті…
Бірақ, кішкентай кезінен қимылы ширақ, ылдым-жылдым, не нәрсені де тез үйреніп алатын жігерлі жігіт соғыс жағдайына тез бейімделді. Сөйтіп, қарулас достарымен бірге талай тажалдай тап болған айқас пен қар жастанып, мұз төсенген қиын-қыстау күндерді басынан өткерді.
– Тау-тасы мол, жер бедері ойлы-қырлы, оңайлықпен өте алмайтын асуы көп, өткел бермес суы да бар Ауғанстандағы бұл соғыс негізінен партизандық соғыс дегенге көбірек келеді, – дейді Төрекең сол бір ауыр шақты есіне алып. – Алайда, бәріміз де жанқиярлықпен соғысып, мойнымызға жүктелген міндетті іске асыруға, қандай жағдайда да берілген бұйрықты орындауға бар күшімізді салып, интернационалдық борышымызды адал атқардық деп сеніммен атап айта аламын!
…Бірде мынадай оқыс оқиға болады. Жауынгерлік тапсырмаға сай Төреғалилар бір-бірден бөлініп, үйдей-үйдей тастың тасасында тұрған. Содан тез арада берілген бұйрық бойынша алға қарай асығыс жүріп, бұрыштан бұрыла бергенде күтпеген тұстан тура қарсы алдынан мылтығын көтеріп, өзін дәл көздеп тұрған дұшманды көреді.
– Шынымды айтсам, мен бұл кезде автоматымды кезеніп үлгере алмадым, – дейді Төреғали. – Ажалмен бетпе-бет келді деген осы шығар, дәм-тұзым таусылып, біткен жерім осы-ау деп ойладым. Сол мезетте бүкіл өмірім көз алдымнан кино лентасындай зымырап өте шықты. Бірақ, әлгі жауды аяқ астынан артқы жағынан шыға келген өзімнің қаруласым атып құлатты. Сөйтсек, байғұстың оғы таусылып қалған екен, мені тек қорқытып тұрыпты…
Иә, Төкең құрамында болған Псков мотоатқыштар полкының барлау ротасы талай рет жаумен бетпе-бет келіп, айқасқа түскен.
…1981 жылдың мамыр айы. Бірде Төреғалилар отырған БМП (жаяу әскердің бронды машинасы) ирелеңдеген жолмен колоннаны қорғап келе жатқанда таудың төбесінен гранатометпен атқыланады. Бір-екі гранат дөп тиіп, жойқын жарылыс болады!..
– Сол сәтте қатты жараландым, ары қарай мүлдем ештеңе білмеймін, – дейді тағы да Төреғали. – Есімді әрең жинап, көзімді ашсам Ташкенттегі әскери госпитальда жатыр екенмін. Содан осы жерде алты ай емделдім ғой. Өйткені, граната жарықшағы бет сүйегімді сындырып, шытынатып жіберіпті. Күрделі операция жасалып, сол жақ бетімнің бір бөлігі пластик материалмен ауыстырылған, оның үстіне жамбастан алынған ет жапсырылған… Сонда мұны айтудың, тіпті, ойлаудың өзі қорқынышты еді…
– Көп уақыт өтті ғой, бұған да денем әбден үйреніп кетті, – дейді бүгінде Төрекең сабырлы, салмақты күйде. – Бірақ, кейде қышып, әбден мазаны кетіретіні бар.
Батыл жауынгер жазылғаннан кейін тағы да алдыңғы шепке жіберіліп, соғысқа кірген. 1982 жылғы қараша айында елге аман-есен қайтқан.
Қазіргі кезде ауған соғысының ардагері Төреғали Махмутұлы зайыбы Гүлнар Әбдіқалықовамен бірге ел қатарлы тірлік етіп, өмір сүруде. Бір ұл, үш қызы бар. Өзі қарап отырмай кәсіпкерлікпен айналысады.
– Құдай енді мұндай соғыстың бетін аулақ қылсын, оны бұдан былай ешкімнің басына бермесін, әрдайым қазіргідей бейбіт заманның салтанатын көрейік! – дейді сөз аяғында Төрекең.
Батыр тұлғалы ержүрек жауынгер кейіпкеріміздің айтқанына біз де толық қосыламыз.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.