Елеулі де мерейлі Нағима Таласбаеваны Жетісу өлкесінің тұрғындары жақсы таниды. Біздің кейіпкеріміз Көксу ауданындағы Ерікті ауылында дүниеге келген. Жұмыс бабымен Кеген өңірінде тұрақтап қалғанына жарты ғасырдан асып барады. Бар мәнді ғұмырын өнерге арнап келе жатқан сүйегі асыл, жүрегі жұмсақ, тілегі алтын ананың өмірдегі, өнердегі соқпақтары тек қана сәттіліктеріне толы.
– Ол кезде Талдықорған өз алдына облыс орталығы болды ғой. Жергілікті баспасөзге облыстық драма театрына жұмысқа шақырған хабарландыру шықты. Ішінде өзім бар бір топ қыз жүрегіміз үліпілдеп, қобалжып театрға бардық. Мектепті жаңа біткен кезім. Ештеңеден хабарым жоқ. Не керек, сынақтарынан өтіп кеттім. Қазақстанның халық әртістерінің, еңбек сіңірген әртістерінің ортасына түстім. Театр директоры Сағымбек Рақышев ҚР еңбек сіңірген әртісі Райса Тәшбаеваға мына қызды тәрбиелейсің деп тапсырды. Сөйтіп, облыстық драма театрына жұмысқа тұрдым. Сол кездегі халық әртістері Шолпан Бакированы, Әбдіғұмар Тәметовты қалай ұмытайын. Ағаларымыз бен әкпелеріміз қыздарындай көріп аялады. Мен де өзімнің жолымды, жөнімді біліп, үлкендерге көмегімді тигізіп жүрдім. Алғаш эпизодтық көріністерге шыға бастадым. Кейін шағын рөлдерді бере бастады. Осылайша облыстық драма театрындағы еңбек жолым басталып кетті, – дейді Нағима ана күлімдей тіл қатып.
Рас, мынау жарық дүниеде, жарқын өмірде әрдайым құметпен есіне түсіріп, аузына алып отыратын бір адамы бар. Ол екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов. 1959 жылы Талдықорғандағы драма театры Қызылордаға қоныс аударды.Нағима анамыз сол тұста Нұрмолда ағаның шақыруымен Мұқыры деп аталатын ауылдың өнерін өрлетуге, театр құруға атсалысты. Бұл да болса жетелі басшының облыстық драма театрында тәжірибе жинақтаған, сергек те сезімтал, іскер де еңбекқор жас қыздың бойындағы дарынын, қабілет-қарымын лайықты бағалағандығы еді. Нұрмолдадай басшы Нағима анаға ауылдағы кітапханашының штатымен еңбекақы төлетіп, театр құруы үшін барлық қолайлы жағдайды жасады. Еңбекқор қыз да уақытын текке өткізген жоқ. Ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесіне шаруашылықтағы механизатор, сауыншы, жұмысшыларының, мамандарының арасынан лайықты адамдарды тартқан. Ауылдың өз театрын құрды. Нағима ана бастаған өнерлі топтың жұмысын, аяқ алысын сол кездегі республикалық мәдениет министрлігіне қарасты халық шығармашылығы орталығының адамдары келіп, көріп, бағалап жүрген. Мұқыры ауылдық театры халықтық атаған алу үшін көп еңбектенді. Қызылордадан бірлі-жарым белгілі әртістер қайта оралып, көмектерін тигізді. Сөйтіп, Нағима бастаған театр ұжымы М. Әуезовтың «Айман-Шолпан» және Б. Тәжібаевтың «Ана жүрегі» атты қойылымдарын сахнаға шығарды. Спектакльден кейін берілетін кең бағдарламалы концерттерін әзірледі. Көп ұзамай Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында театрдың халықтық атағын қорғады.
– Біз іргетасын қалаған Мұқыры халық театры әлі жұмыс істейді. Менің бір айтайын дегенім, есімде ерекше қалғаны Нұрмолда ағамыздың өнерге деген көзқарасы болды. Көзі тірісінде өнерді жоғары қоя білді. Ауылдардың мәдениеті мен өнерін өркендетуге мол үлесін қосты. Мұқыры ауылының өзінде екі қабатты мәдениет үйін, мектеп ғимаратын салдырды. Ауруханада жатса да арасында келіп, театрдың халықтық атағын алуға арналған қойылымын көрді. Министрліктен Әбіш Кекілбаев арнайы келіп өнерімізді тамашалады. Жоғары бағасын берді. Бұл менің өмірімде ерекше есімде қалған жемісті жылдарым болды, – дейді Нағима анамыз өткен күндеріне тебірене есіне алып.
Білікті режиссер, айтулы әртіс, бірегей ана Таласбаева Нағима Бейсекқызының мағыналы ғұмырының басым бөлігі Кеген халық театрымен біте-қайнасып келді. 1970 жылы өмірлік серігі, өнердің өз адамы Жұмаш Әлдибеков екеуі республикалық халық шығармашылығы орталығының жолдамасымен Кеген ауылына келді. Мұнда да театрдың шаруасымен айналысты да кетті. 1967 жылдары құрылып, бір жылдан кейін халықтық атағын алып, содан соң тарап кеткен, бір адамы жоқ театрды қайта қалпына келтіру оңайлыққа соққан жоқ. Жұмаш аға жетекші, Нағима тәтеміз режиссер болып жүріп, Кеген халық театрын аяғынан тұрғызды. Көптеген қиындықтарды бастарынан өткізді. Кішкентай балапандарын сенімді үйлерге табыстап, айлап өнер сапарына шыққан кездері, баспаналары жоқ өнер иелерін үйлеріне жатқызған кездері де аз болмапты. Жалпы, Нағима Бейсекқызы режиссер болып еңбек еткен Кеген халық театры Бүкілодақтық І, ІІ және ІІІ фестивалінің лауреаты атанды. Ш.Айтматовтың «Алғашқы мұғалім», М.Әуезовтың «Қаракөз», «Еңлік-Кебек», Қ. Аманжоловтың «Досымның үйленуі», «Қаракөз қарындасым» секілді қойылымдарын сахнаға шығарды. Осы еңбектері үшін театр 1971 жылы республикалық халық театрларының байқауында І дәрежелі дипломға ие болды. 1975 жылы аталған театр «Таллин – 75» атты Эстонияда өткен халықаралық «А» копелла хор конкурсына қатысып, тағы да І дәрежелі дипломмен марапатталды. 1977 жылы Бүкілодақтық ІІ театр фестивалінде драматург Оралхан Бөкеевтің «Құлыным менің» атты драмасын көрсетіп, «Кіші алтын» медалын олжалап қайтты. Театрдың өнердегі үлкен жеңісі 1987 жылы орын алды. Театр ұжымы Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында Тәкен Әліпбаевтың «Даладағы дүбір» атты спектаклін қойып, Бүкілодақтық ІІІ театр фестивалінің лауреаты атанып, «Үлкен алтын» медаліне ие болды. Республикалық мәдениет министрлігі «Кубань» автобусын сыйға тартты. Театрдың бірлі-жарым мүшелері баспаналы болды. Жағдайлары жақсара түсті. Театр ұжымы республикалық халық шығармашылығы орталығының жолдамасы арқылы Жамбыл, Қызылорда, қазіргі Түркістан облыстарында, Өзбекстанның қазақ тұрғындары қоныстанған аудандарында, Қырғызстанда өнер сапарымен болды.
– Кеген халық театрының жұмысын жақсы жолға қойып, арасында Көксу ауданындағы азаматтардың арнайы шақыруымен туған ауданыма да шапағатымды тигізіп қайттым. «Көксу» атты этнографиялық-фольклорлық ансамбль құрдық. 25 адамнан құралған ансамбль 1979 жылғы қаңтар айында Бүкілодақтық фольклорлық ансамблдер конкурсына қатысып, лауреат атанды. ГДР-дың құрылғанының 30 жылдығына орай Германияның бірнеше аудандары мен қалаларында ұлтымыздың өнерін ұлағаттадық. Салт-дәстүрімізге қатысты дүниелерді көрсете жүрдік. Осынау еңбегіміз үшін республикадан Мырзатай Жолдасбеков алғысын айтты. Алғаш ансамбльдің жұпыны аспаптармен концерт дайындап жүргенін көрген Өзбекәлі Жәнібековтей азамат Дәркембай Шоқпаров басқаратын «Мирас» орталығы арқылы ұлттық аспап түрлерімен қамтамасыз етіп берді. Бұл да болса өмірімде ерекше есте қалған мәдени, рухани әсеріне, шапағатына толы ұмытылмас шақтарым болып қала берді, – дейді Нағима анамыз өткен күндеріне көз жүгіртіп.
Кеген өңірінің көнекөз тұрғындары «Тоғызбұлақ толқындары» атты фольклорлық-этнографиялық ансамблін ұмыта қойған жоқ. Оның да құрылуына негіз қалаған Нағима анамыз. «Тоғызбұлақ» атты колхоз дүрілдеп тұрған кезінде ауылдың өнері өрге жүзді. Мәдениеті де кезең келбетіне сай дамыды. Аталған ансамбльді құрған кезде сырттан арнайы мамандар шақырылған жоқ. Өңірден шыққан Қызай Бейсенов, Тілеу Бошықов секілді білікті музыка мамандары ансамбль үшін аянбай еңбек етті. Терлерін төкті. Білімдері мен тәжірибелерін жұмсады. Халық театрының жанынан құрылған «Тоғызбұлақ толқындары» фольклорлық-этнографиялық ансамблі 1988 жылы Польшадағы Зелоногор қаласында өткен халықаралық фольклорлық ансамблдер конкурсына қатысып, І дәрежелі дипломмен және «Үлкен алтын» медалымен марапатталды.
– Өнердің жолында, соған берілген, соған арнаған ғұмырымда көптеген қиындықтарды да бастан өткердік. Ашты-тоқты жүрген кездеріміз болды. Кейде клубқа түнеген сәттерімз де кездесті. Сөйтіп жүріп, халық театры атағын қорғадық. Бастан өткен қызықты жайтттар да жетерлік. Өнер сапарымен Шымкент жақта жүргенімізде бір ауылға келдік. Алдын ала хабарланып қойылған. Спектакль басталатын кезде ешкім жоқ. Түнгі сағат 10-ға қарай адамдар тұс-тұстан қаптап келді. Отыратын орын қалмады. Сөйтіп, көңіліміз орнына түсті, – дейді режиссер анамыз өзіне тән ашық мінезімен күліп қойып.
Нағимадай өнер иесі бар ғұмырын арнаған Кеген халық театрына арнады. Содан бері қарай театр елуге тарта қойылымдарды сахна төріне шығарды. Соған орай атақ-дәрежеден, сый-құрмет, марапат-шарапаттан да кенде болған жоқ. Үлкенге ізетті, кішілерге қамқор, ақ пейіл, қам көңіл, жаратылысының өзі тұла бойына мол дарын, ерекше қабілет сыйлаған айтулы өнер иесі, әйгілі ананың да еңбегі өтелді. Нағима ананың өткен ғасырдағы 1959 жылы облыстық драма театрында еңбек ете бастағаннан бергі осы күнгі уақытта қоссақ алпыс жылдан астам өмірін театрға арнапты. Әлі де қатардан қалған жоқ. Қазіргі Кеген халық театрындағы жастардың ақылшы анасы, тәрбиелеуші данасындай.
Нағима Таласбаева 1982 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, одан кейін Райымбек, Көксу аудандарының Құрметті азаматы атанды. «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медалдарымен марапатталды. Бірнеше мерекелік медальдардың иесі болды. Қазақ КСР-нің 60 жылдық мерекесіне арналған Қазақ энциклопедиясында «Халық творчествосын өркендетуге қомақты үлесін қосқан және алғашқы халық театрының режиссері Таласбаева Нағима Бейсекқызы» деп орынды жазылған. Нағима ана 2015 жылы аудан әкімінің «Жыл адамы» аталымына ие болды. Толағай өнер иесі режиссерлік еткен халық театры 2014 жылы облыс әкімінің Алғыс хатына және «Үздік театр» аталымының кубогын иеленді.
Театрда режиссер болып еңбек еткен айтулы нәзік жан отбасында екі ұлы мен бір қызын, олардан тараған 6-7 немере-шөберелерін аялаған, аймалаған жүрегі жұмсақ, сондайлық мейірімді ана болды. Өнерден қолы босаған сәттерінде сүйікті ісі – қол өнерімен айналысады. Шебер, ісмер он саусағынан шыққан құрақ көрпелер, қыз жасаулары, тоқыма бұйымдары көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Әз ана, айтулы ананың ұлтымыздың қол өнерімен айналысатыны туралы республикалық, облыстық телеарналардан арнайы хабарлар беріліп келеді. Нағима ана құрылған шағынан бастап еңбек еткен театр бүгінгі таңда ұйымшыл, кілең жастардан құралған. Нағимадай айтулы өнер иесінен тәлім алған, тәрбиесін көрген, ақыл-кеңесіне қанығып келе жатқан жастардың да алар асуы, шығар биіктері алда. Біз соған қуанамыз әрі сенеміз! Сексеніңіз шалдықтырмай, тоқсан мен жүздің төріне аяңдай беріңіз, асыл ана!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.