Жылдан жылға елімізде қарызға белшден батып жүргендер саны артып келеді. Олардың көбі бір несиесін екінші несиемен жабуда. «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда экономикалық белсенді адамдардың 84% екінші деңгейлі банктерге қарыздар. 90 күннен асып кеткен қарыз 1,4 триллион теңгені құрайды. Яғни 1,7 миллион адам өз қарыздарын уақытылы өтей алмай жүр. Бұл жайттың әлеуметтік және саяси түйткілге айналғанын айтқан Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев мәселені шешудің жолдарын қарастырып, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заң қабылдаған болатын.
Ресми жарияланғаннан кейін 2023 жылдың үшінші наурыздан бастап күшіне енген құжат банктегі қарызын өтей алмай отырған еліміздің азаматтарына банкроттық жариялау арқылы борышкерлер қатарынан шығуға жол аша бастады. Жобаның іске қосылғанына бір жылдан асты. Осы ретте біз Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Нұрғиса Кенжәлімен сұхбаттасып, бүгінгі аудандағы борышкерлердің ахуалы жайында және заңда орын алған өзгертулер туралы толығырақ ақпарат алдық.
– Нұрғиса Ғаниұлы, жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ережелер енгізілген заңға қол қойған еді. Оның ішінде банкроттыққа байланысты да өзгерістер көрсетілді. Осы жайында толығырақ айтып өтсеңіз.
– Иә, таяуда Президентіміз «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР-ның Заңына қол қойды. Оған сәйкес, азаматтардың банкроттық рәсіміне өтініш беру тәртібі жеңілдетілді.
Анығырақ айтқанда, енді ол үшін кредиторлар тізімін, мерзімі өткен берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімдерінің жүргізілгенін растайтын құжаттың көшірмесін беру талап етілмейді. Мұндай деректер кредиттік бюродан сұратылады. Ал кредиторлар оған тиісті мәліметті жіберуге міндеттелді.
– Банкроттық жайлы заң қабылданғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында ауданымызда қанша тұлға өтініш берді және де оның нешеуі қабылданды?
– Өткен жылдың үшінші наурызынан бастап осы уақытқа дейін ауданымыз бойынша 2886 адам банкроттыққа өтініш берді. Алайда оның 434-і ғана мақұлданып, «банкрот» мәртебесін алды. 2209 өтніш қанағаттандырусыз қалдырылып, қалған 243-іне мониторинг жүргзілуде. Бұл мәліметке қарап-ақ заң іске асқалы бері өтініш беретіндердің саны жетерлік екенін түсінуге болады. Бірақ олардың көбі талапқа сәйкес келмей жатады.
Мәселен, талап бойынша несие бір жылдан көп уақыт төленбей қалған болуы керек болса, олардың арасында ара-тұра төлегендері бар. Кейбірінің «некеде жоқпын» деп көрсеткендерінде eGov-та үйленгені туралы ақпараттары белгілі болуда. Сондай-ақ өтініш берген азаматтардың ішінде жылжымайтын мүлкі, жер телімі, автокөліктері бар екені анықталып жатады. Бұған ұқсас өзге де себептермен осы уақытқа дейін көп адамға бас тартылды.
– Біраз себептерге байланысты көптеген адамдардың өтініші қабылданбады деп айтып өттіңіз. Жалпы тұлға өзін банкрот ретінде жариялау үшін өтініш берген кезде қандай талаптарға сәйкес болуы қажет?
– Ең бастысы, банкроттық рәсімдеуге өтініш берген адамның банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс (2023 жылға – бұл 5 907 200 теңге). Атына тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек. Сондай-ақ өтініш берілген күні қатарынан 12 ай ішінде кредиторлар мен коллекторлар алдында өтелген міндеттемелері болмауы тиіс. Бұған қоса мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде несие шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімнен міндетті түрде өту қажет.
Бірақ бұл жерде ескере кететіндігі, егер борышкер өтініш берген күнге өзінің берешегін 5 жылдан артық өтемесе, онда аталған барлық талаптар оған қолданылмайды.
– Жалпы кез келген осындай бастамалардың өзіндік пайдалы және кері жақтары бар екені белгілі. «Банкрот болу» салдары қандай болмақ?
– Өзін «банкрот» деп жариялаудың салдарын айтатын болсақ, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышкерге бес жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады, тауар ақысын бөліп төлей алатын банк қызметтерін қолдана алмайды (ломбардтардың микрокредиттерін алуды қоспағанда). Қайтадан банкроттыққа 7 жыл өткен соң ғана өтініш бере аласыз. Бұдан бөлек заң аясында шешім қабылданып, банкрот деп танылып, несие кешірілгенмен іс бітпейді.
«Банкрот» деп тануды сұрап отырған азаматтың әлеуметтік жағдайына үш жыл бойы мониторинг жүргізіледі. Осы жылдар ішінде борышкер қандай да бір мүлік сатып алса немесе төлем қабілеті жақсарса, яғни берешегін өзі өтей алатындай болса, банкроттықты тоқтатуға өтініш беруге міндетті. Олай болмаған жағдайда 200 АЕК (738 400 мың тг) мөлшерінде айыппұл салынады. Мүлкін жасырғандар – 100 АЕК (369 200 мың тг), қарызды реттеу мәселесі кезінде жасалған заңсыздық үшін 15-100 АЕК айыппұл төлейтін болады. Үш жылға дейін шетелге шыға алмайды. Сонымен қатар, несие төлей алмай қалғандар туралы мәліметтер ашық болады. Яғни, арнайы сайт арқылы өзгелер тұлғаның өзін банкрот деп жариялағанын біле алады.
Жоғары да айтылғандардан бөлек, тұлға банкрот болғаннан кейін ипотекалық бағдарламаларға қатыса алмауы да мүмкін. Өйткені борышкердің несие тарихы нашарлайды, оның салдарынан екінші деңгейлі банктер арқылы алдағы уақытта несие алу қиындай түседі. Сондықтан да осының бәрін ескере отырып, банкроттыққа өтініш берер алдында ойлану керек.
– Жалпы өзін «банкрот» деп жариялағысы келетін адам қажетті ақпаратты қай жерден ала алады? Сондай-ақ өтініш беру үшін қай жерге жүгіне алады?
– Адамдар өтінішті үйлерінен шықпай-ақ электронды үкімет порталы сондай-ақ «e-Salyq Azamat» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы берсе болады. Қызықтырған сұрақтарына байланысты жауапты «1414» нөміріне қоңырау шалып немесе Telegram чат-ботынын да ала алады.
Жоғары да айтылған қосымшаның біреуі арқылы банкроттыққа өтініш берген соң, соттан тыс банкроттық туралы қандай шешім шыққанын tazalau.qoldau.kz сайтына кіріп, өз ЖСН мен аты-жөнін енгізу арқылы тексере алады.
– Ақпаратыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.