Хакім Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай еліміздің әр өңірінде «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» ақынның шығармашылығы жан-жақты насихатталуда. Осыған орай Шамалған ауылы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Абай оқулары мен әндеріне» арналған байқау өтті. Ән мен жырдан бақ сынасқан сайысқа Шамалған ауылының бес мектебінен 18 оқушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Олардың арасында үздік деп танылғандар жарыстың аудандық деңгейіне жолдама алды.
Оқушылар Абай оқуларына жақсы дайындықпен келген екен. Әсіресе өлең мен қара сөздерінде айтылар ойды әдемі жеткізіп, ал, әндерін нақышына келтіре орындады. «Көркемсөз оқу» номина-
циясы бойынша Үшқоңыр қазақ орта мектебінің 6 сынып оқушысы Рашид Аққу ғұлама ақынның «Әсемпаз болма әрнеге» шығармасын шеберлікпен оқып, бас жүлдені ұтып алса, Абай әндерін орындауда Үшқоңыр мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы Шәрбат Қарақат «Айттым сәлем қаламқас» әнімен күміс көмей, жез таңдай әншілерден кем түспейтінін дәлелдеп, бас жүлдеге лайық деп танылды.
Өз тілшіміз.