Наурызнаманың онкүндігі аясында 15 наурыз – Қайырымдылық күніне орай, Жібек жолы ауылдық округінде Қарасай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімдерінің ұйымдастыруымен ерекше балаларға арналған іс-шара өтті. Мерекелік отырыстың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-анасын наурыз мейрамымен құттықтап, дастарханнан дәм беріп, көңіл-күйлерін көтеру.
Бұл шараға Жібек жолы ауылындағы «Керемет» мейрамханасының ұжымы өз қызметтерін тегін ұсынды. Сондай-ақ Қарасай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тіркеуінде тұрған 130 балаға және олардың ата-аналарына сыйлықтар табысталып, мейрамхана атынан ақ дастархан жайылды. Ал мерекелік кештің көңілді өтуіне асаба Қанат Жанаев қолдауын білдіріп, жүргізушілік қызметін тегін атқарып, концерттік бағдарламасымен қонақтардың көңілін көтерді. А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің биші қыздары мен әнші балапандары да өнерлерін көрсетті. Одан бөлек ұйымдастырушы мекеменің әлеуметтік қызметкерлері шара соңында ұлттық киіммен қара жорға биін билеп, көптің қошеметіне ие болды.
Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген Наурызнаманың онкүндігі аясындағы дәл осы Қайырымдылық күніне атсалысып, өз демеушілігін білдірген қайырымды жандар көп болды. Атап өтетін болсақ, Қарасай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаева осы бір ізгілікті іске бастамашыл болса, мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Рита Тұрманбетова, «Керемет» мейрамханасының, «Paksushi» дәмханасының ұжымдары демеушілік жасады. Сондай-ақ осындай жомарт жандардың қатарынан кәсіпкер Әлия Тұрымбетова да табылып, ерекше қолдау танытты.
Шара барысында ыстық тамақ беріліп, жас өнерпаздар ән айтып, би биледі. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» демекші, қонақтардың арасынан ауыл ақсақалы асқа бата беріп, артынша ауылдық округтің бас имамы Марат Қыздарбеков Құран бағыштап, балапандарымыздың сауығып кетуін тіледі. Қазақтың дәстүрі бойынша оған шапан кигізді.
Сонымен қатар, қонақ болып келген ата-аналарға да сөз кезегі берілді. Олар ұйымдастырушыларға рахметін айтып, алғысын жаудырды. Ризашылықты тек ата-аналар ғана емес, сол жердегі бүлдіршіндер де өз қуаныштарын өлең оқып, ән шырқаумен жеткізді.
Шұғыла ТЫНЫС.