Жаңа жылдың қарсаңында дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін «Aport Mall» ойын-сауық сауда орталығында Қарасай ауданы әкімінің жаңа жылдық шырша кеші биыл да ұйымдастырылып, балалар шаттыққа бөленді.
Бүлдіршіндер асыға күткен бұл мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек арнайы қатысып, ізгі тілегін білдіріп, аудан әкімінің ыстық ықыласын жеткізді.
– Құрметті, жас достар! Келе жатқан Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Оқу жылының ІІ тоқсаны аяқталғандықтан, сіздер жақсы білім алдыңыздар деген сенімдемін. Келер жылы да оқуда озат болуларыңызға тілектеспін. Тағы да келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Армандарыңыз орындалып, отбасы ортасында қуанышқа кенеліп жүре беріңіздер, – деп Бексұлтан Ақылбекұлы балдырғандарға аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлының арнайы сый-сияпаттарын табыстады.
Шырша кешінде балалар ертегі әлеміне саяхат жасап, «Шаттық», «Якут» би топтары, «Қарасай жастары» театырының және «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері дайындаған қойылымдарды тамашалады. Түрлі кейіпкерлермен би билеп, шаттыққа кенелді.
Ал кеш соңында әдеттегідей Аяз ата мен Ақшақар келіп, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Одан кейін ескі жылды көпшілікпен шығарып салып, келер жылға асығып келе жатқан Жылан жылын қарсы алды.
Айта кетейік, дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасына биыл әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан 140 бала қатысты. Әрбіріне арнайы сыйлық берілді. Сый-сияпаттың ішінде тәттілерден бөлек 30 мың теңге көлемінде киім алуға берілетін сертификаттар бар. Сонымен қатар, балалар мерекелік кештен кейін «Funky Town» көңіл көтеру орталығында ойнап, уақыттарын көңілді өткізді. Одан кейін олар үшін арнайы дастархан жайылды.
Өз тілшіміз.